Еңбек қауіпсіздігі - көкейтесті мәселе

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды «Атырау» газеті.
None
None

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Ұйымдарда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі талаптарының сақталуы туралы баяндама жасаған Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясының еңбек қауіпсіздігі және оны қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Марат Оспанов жұмыс беруші тарапынан кеткен қателік салдарынан орын алған өкінішті факторлар туралы айтты.
АДАМ ӨМІРІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Еңбек кодексі талаптары, оның ішінде еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі жағдайлары көп ретте сақтала бермейтіні анықталды. Мәселен, 2015 жылғы 10 қазан күні «УмиТ Атырауинжстрой» ЖШС аумағындағы асфальт-бетон зауытында жазатайым оқиға орын алған. Аталмыш мекеме Атырау-Орал трассасынан бес шақырым жерде орналасқан. Жүк тиеу кезінде ақаулы фронталды тиегіштердің абайсызда аударылып кетуінен тиегіш операторы Ерлан Қайнарбай тиегішке жаншылып қаза болған. Бұл оқиғаны тексерген комиссия сараптамасы нәтижесінде өкінішті жағдай өндірістік жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан болған деген қорытынды жасалыпты. Оған кәсіпорын кінәлі деп табылған.
Ал, «Speedy Zholdas» ЖШС жұмыс жасап жатқан құрылыс алаңына (Болашақты кеңейту жобасы) тиесілі DZ8С 37 компрессорын жеткізу туралы тапсырманы орындау кезінде жүк тиегіш операторы Әсет Қарғабаев қаза тапқан. Жазатайым оқиғаны зерттеу кезінде «жәбірленуші азаматтың өзіне жүктелмеген жұмысты өз бастамасымен атқаруы салдарынан болған» деген нәтиже жасалыпты. Екі оқиға да адам өлімімен аяқталып отыр. Бұл азаматтардың соңында асыраушысынан айырылған отбасы, өмірлік жарынан айырылған жар, әкеден айырылған балалар тағдыры тұр. Еңбек қауіпсіздігі сақталмағанына кім кінәлі? Иә, сараптама жасалды. Соның қорытындысымен әлеуметтік көмектер тағайындалды. Алайда адам өмірі мемлекет үшін де, қоғам үшін де ең басты фактор екені кәміл.
КЕЗДЕЙСОҚ ЖАРАҚАТ АЛУ ҚАЙДАН БОЛАДЫ?
Тұрғын үй құрылыс-монтаждау жұмысы және өндіріс саласындағы құрылыс жұмыстарын жүргізетін «NEWTECH SYSTEMS GROUP» ЖШС монтажшысы Асылбек Абдулов былтырғы жылдың 16 қаңтарында оң жақ қолының саусақтары мен алақанының жартысын кесу дисксіне салып алған. Ал, биылғы жылдың 27 ақпанында осы мекеме жұмысшысы А. Өтеғалиевтің оң жақ саусақтары гильотин жүзіне түскен. Бірінші оқиға кейіпкері үшінші топ мүгедегі болып қалған, қазіргі таңда аталмыш серіктестікте басқа қызметке ауыстырылып, жұмыс жасап жатыр, екіншісі емделуде.
«Hospitality support servises» ЖШС сервистік қызмет көрсетеді. «Болашақ» вахталық поселкесінде тұрғын үй блогы жайлы мәліметті дайындау кезінде менеджер көмекшісі Роза Мәлікова екінші қабаттан бірінші қа-батқа түсіп келе жатқанда аяғын қайырып алған. «Оң жақ тобығындағы ішкі және сыртқы жабық сынығы» деген диагнозбен емделген. Бұл оқиға 2015 жылдың 8 қазанында орын алған. Соған ұқсас оқиға дәл осы кәсіпорында биылғы жылдың 26 ақпаны күні болыпты. Бұл жолы менеджер көмекшісі Ақмарал Төлепбергенова екінші қабаттан бірінші қабаттағы жаттығу залына құлап түскен. Ол да қазіргі таңда емделуде. Жоғарыда аталған мекемелердің техника қауіпсіздігін сақтау инженерлері комиссия алдында мұндай жағдайларды алдағы уақытта болдырмау шаралары алынып жатқанын мәлімдеді. Ертемен жұмыс басталардың алдында еңбек қауіпсіздігі шарттары айтылып, жұмысшыларға түсіндіріліп отыратын болыпты.
«Облыс ұйымдарында ұжымдық шарттың жасақталуы» туралы да Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бөлімі басшысы Марат Оспанов баяндамасында нақты мәліметтер берді. Облыс бойынша үстіміздегі жылдың бес айында 2244 кәсіпорында ұжымдық шарт жасақталыпты. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған ірі және орта кәсіпорындардың ұжымдық шартпен қамтылу үлесі 98 пайызды құрайды екен.
Құрманғазы аудандық әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия есебі тыңдалды. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ағымдағы жылдың бес айындағы комиссия атқарған жұмыстармен таныстырды. Прокуратура, еңбек инспек-циясы, жұмыс берушілер мен жұмысшы бірлестіктері «Болашақ» зауыты құрылысын салып жатқан мердігерлердің жұмысшыларына қоғамдық қабылдауды ұйымдастыруы жөнінде «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Саламат Еламанов баяндама жасады.
ЖҰМЫС ІЗДЕУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ
Соңғы кезде жұмыспен қамту секторы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде қазір қызметтің үш түрі көрсетіледі. Ол туралы аталған бөлім мамандары «дөңгелек үстел» барысында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Осы ретте облыстық мемлекеттік қызмет істері және әділет департаменттері, халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдерінің де пікірлері тыңдалды. Бұл өзгеріс үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №68 бұйрығымен енгізілді. Бұған дейін бөлім 2001 жылғы «Халықты жұмыспен қамту туралы Заң» негізінде жұмыс жасап келді. Қазір орталық жұмыссыз азаматтарды тіркеп, есепке қояды және анықтама береді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға жолдама ұсынады.
Өтініш қабылдау мен мемлекеттік қызмет электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Оның да белгіленген мерзімі бар, яғни құжаттар тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні аралығында жүзеге асырылады. Ал, жоғарыда аталған жолдамалар орталықта 30 минут ішінде, портал арқылы бір күннен асырмай беріледі. Ағымдағы жылдың бес айында орталықта - 2040, мемлекеттік корпорация арқылы - 2353 және электрондық үкіметпен елу қызмет көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдар 1544 адамға мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға жолдама берді.
Жаңадан қабылданған заңның 10-бабына сәйкес, жоғарыда аталған бөлім сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау, өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға хабарлауға міндеттеледі. Сондай-ақ, әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі бойынша сұранысқа ие мамандықтар мен бос орындар туралы дерекқор қалыптастыру қажет. Осы Заңның 17-бабында көрсетілгендей, әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту шараларын әзірлеу де бұрынғыша бөлім құзырына кіреді. Келесі бағыт - мүгедектерді жұмысқа орналастыру. Енді түрлі білім беру ұйымдарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы ақпарат сұратылады. Қазір халықты жұмыспен қамту туралы заң күшіне енгенімен, мемлекеттік қызмет стандарттарына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен өзгерістер күтілуде.

Соңғы жаңалықтар