Еңбек қауіпсіздігі мамандарын даярлайтын оқу орталығы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде Халықаралық еңбек ұйымының жобалық кеңсесі жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

— Қазақстанға былтыр алғаш рет Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры ресми сапармен келді. Соның нәтижесінде Қазақстанда биыл жобалық кеңсе (Халықаралық еңбек ұйымының офисі – ред.) ашылып, жұмысын бастады, - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ведомство басшысы еңбек қауіпсіздігі мамандарын өз елімізде даярлайтын оқу орталығы ашылатынын айтты.
- Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында Халықаралық еңбек ұйымының Туриндік оқу орталығының филиалын ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Светлана Жақыпова.
Министрдің айтуынша, бұл орталық мынандай:
- шетелге шығуды қажет етпестен еңбек қауіпсіздігі мамандарын жүйелі және сапалы дайындауды ұйымдастыру;
- халықаралық озық тәжірибені ескере отырып ұлттық кадрлардың біліктілігін арттыру;
- әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар арасындағы институционалдық байланыстарды нығайту;
- Орталық Азияда еңбек қорғау саласындағы аймақтық құзырет орталығы ретінде Қазақстанның рөлін күшейту сынды мүмкіндіктерге жол ашады.
Айта кетейік, Қазақстанға еңбек мигранттары ең көп келетін 4 ел белгілі болды.