Еңбек күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы қажет - Әлихан Бәйменов

«Менің ойымша еңбек күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы қажет. «Еңбек ері» деген атақты сол еңбек күнінде беруіміз керек. Сол еңбек күнінде түрлі салада жетістікке жеткен адамдардың өмір жолы туралы әртүрлі кездесулер ұйымдастырып, хабарлар жасап, жастардың бойында «еңбекпен жаңа биікке көтерілуге болады» деген ұғым қалыптастыруымыз қажет. Сондай-ақ, еңбек дұрыс бағалануы тиіс. Еңбек адамын қорғайтын кәсіпдақтардың рөлін көтеруіміз керек», - деді ол.
Әлихан Бәйменов Түркістандағы құрылтайда тұрақты дамуға негіз болатын құндылықтар көтерілгендігін сөз етті.
«Бүгінгі тақырып әлемдік үдерістерге сай. Себебі, қазіргі заманда жүрек құндылықтары алға шығып жатыр. Адам ресурстарының сапасын денсаулық, білім, білік анықтайды. Ал, сол адами ресурстар адами капиталға айналуы үшін құндылықтар маңызды. Бүгінгі құрылтайда жалпы тұрақты дамуға негіз болатын құндылықтар мен мәдени-рухани дамудың аясындағы маңызды мәселелер сөз болды. Президент осы мәселелерге баса назар аударды», - деді ол.