Еңбек министрі БҚО-ның Бөрлі ауданында болды

Сапар барысында министр жол бойында орналасқан Бөрлі ауылының шетінде бой көтерген алпыс үйден тұратын жаңа «Самал» ықшамауданына ат басын бұрды. Мұнда «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша өңір аудандарындағы даму әлеуеті төмен елді мекендерінен көшіп келген қоныстанушылардың үйлерінде болып, тұрғындармен кездесті.
Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Сатайкөл елді мекенінен келген ерлі-зайыпты Арман мен Жұмағаным Есқалиевтердің, ең шалғай аудандардың бірі Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылынан қоныс аударған Батыржан мен Ақмарал Досқалиевтердің шаңырақтарына бас сұғып, тыныс-тіршіліктерімен танысты.
Әрқайсысы 71 шаршы метрді құрайтын төрт бөлмелі қолайлы пәтерге жылу, жарық, ыстық-суық суы кіргізілген, асханасы газ плитасы мен жуғышпен жабдықталған. Көшіп келген 258 адамның ішінде 68 ер адам, 65 әйел адам, бес жасқа дейінгі 36 бала, мектеп жасындағы 69 бала, 15 студент, 5 зейнеткер бар.
Жергілікті басшылықтың көмегімен қоныстанушылардың басым көпшілігі Бөрлі ауылындағы және Ақсай қаласындағы мемлекеттік мекемелерге, ауыл шаруашылығы құрылымдарына, жеке шаруашылықтарға тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Қалғандарын басқа мамандықтарға қайта оқыту, қысқа мерзімді курстарға жіберу мәселелері қолға алынып жатыр.
Бөрлінің құнарлы топырағына ағаш егу, бау-бақша отырғызуға мүмкіндіктер туғызылуда. Белгіленген жерден саябақ ашу, балабақша салу, екі пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланған.
Жаңа тұрғындар көші-қонға байланысты мемлекет тарапынан төленетін тиісті көтермеақыларын алып үлгерген, тұрғын үйді жалға алу жайы шешілу үстінде. Жалға берілген үйдің мөлшерлі ақысын бес жыл бойы төлеп тұрған соң, баспананы жекешелендіру мүмкіндігі бар.
«Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылған арнайы құрылысқа республикалық бюджеттен 294 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні бұл қомақты қаражат толықтай игерілді. Алдағы уақытта Қарашығанақ кенішін игерудің үшінші кезеңі басталады деп күтілуде. Соған байланысты бұл тұрғындарды қайта даярлау курстарында оқытып, жаңа мамандық игеруге ықпал етуіміз қажет", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Министр сапары әрі қарай Пугачев ауылында жалғасты. Кәсіпкер И.А. Шайдецкийдің шетелдік жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған шұжық цехының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Мұнда отыздан астам шұжық өнімдері шығарылады. Министр цехтың өндірістік қуаты мен жергілікті жұмыс күшінің тартылуына қызығушылық танытты.
Келесі кезекте қонақтар Ақсай қаласындағы индустриялық парктің құрылысы барысымен танысты. КПО компаниясы мен басқа да мұнай-газ кеніштеріне қызмет көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар өндірумен айналысатын бұл нысанның еліміз үшін маңызы зор. Ақсай қаласындағы технопарк құрылысының пилоттық жобасы Қазақстандағы осындай бағыттағы алғашқы қарлығашы болып табылады. Индустриялық парктің облыстың ғана емес, еліміз үшін де маңызы зор және шетелдік компаниялардағы қазақтандық үлестің дами түсуіне өзіндік үлесін қосары сөзсіз.
Аталмыш нысанның құрылысын жүргізіп жатқан «Аксай индустриалық паркі» ЖШС бас директоры Марко Кастанини мен оның орынбасары Дастан Көкеевтің айтуынша, жобаның мақсаты халықаралық инвесторлар мен акционерлерді БҚО аумағына тартып, Қазақстан Республикасын жоғары технологиялар трансферттерімен қамтамасыз етуге қабілетті нысандар кешенін салу болып табылады.
Жаңа парк әрқайсысының жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайтын өндірістік шеберханалардан, тұғырлы крандар мен газ тарату жүйесінен тұратын болады. Сондай-ақ электрмен дәнекерлеу жұмыстары мен дәнекерлеу технологиялар бөлімдері, құрылыс ағаштары өндірісі, оқу орталығы, сынақ зертханалары, кеңселер мен қоймалары болады.
Министрдің сапары ертең Орал қаласында жалғасады.