Еңбек министрлігі ауылда жұмыспен қамтудың жаңа формаларын енгізуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтудың жаңа ережелері қабылданатынын айтты.

Светлана Жақыпова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды заңдық тұрғыдан ашық рәсімдеу – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі саналады.

«Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылы еліміздің ауыл шаруашылығындағы жұмыспен қамтылған 1,1 млн жұмыскердің жартысынан көбі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олардың жалақысы республикалық деңгейдегі орташа еңбекақыдан екі есе дерлік төмен. Бұл формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін және ауыл жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуының төмен деңгейін көрсетеді», - деді С. Жақыпова Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» атты Үкімет сағатында.

Министрлік ғылыми және сараптамалық қауымдастықтармен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, соңғы 24 жылдағы ауа райы туралы көптеген мәліметтерді талдаған. Бұл деректер түрлі аумақтардағы климат пен топырақтың барлық ерекшеліктерін ескеретін арнайы математикалық модельдер жасауға мүмкіндік берді.

«Осы модельдердің көмегімен біз әрбір жерге қатысты нақты ұсыныстар жасадық. Негізгі ерекшелігі – барлық механикаландырылған жұмысты нормалау, бұл ауылдағы нақты жұмыспен қамтуды бақылауға мүмкіндік береді. Мал басына қызмет көрсету нормалары қалыптастырылды және жұмысшылардың нормативтік санының есебі жүргізілді. Ауылда жұмыспен қамтудың жаңа формаларын (вахталық, маусымдық, мобильді кәсіпкерлік) енгізу мәселесі қарастырылуда», - деді Еңбек министрі.

Осы жүйені енгізу нәтижелері ауыл шаруашылығында ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, оның елдің ЖІӨ құрылымындағы үлесін арттыруға, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды рәсімдеуге және ұлғайтуға, ауылдық жерлерден қалаларға көші-қон ағындарын төмендетуге ықпал етеді, деп түсіндірді министр.

Бұған дейін С. Жақыпова елдегі көлеңкелі жұмыс орындары мәселесін көтерген еді.

Сонымен бірге, 19 мыңнан астам такси жүргізушісі қызметін заңдастырды.

Соңғы жаңалықтар