Еңбек министрлігі халықты жұмыспен қамтуға бөлінген 70 млрд теңге бюджетке кері қайтармақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Субсидияланатын жұмыс орындарының екі бағыты қысқартылатынын мәлім етті.

— 2024 жылы біз субсидияланатын жұмыс орындарына сараптама жүргізіп, бірнеше іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жүгініп, 42 млрд теңгені қайтару бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол депутат сұрағына берген жауабында.
Айтуынша, Премьер-министрдің тапсырмасымен осы бағыттағы Үкімет қаулысына өзгерістер енгізіліп отыр.
— 6 бағытта берілетін субсидияға негізделген жұмыс орындарының 2 бағыты оңтайландырудан өтеді. Ол — «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты». Соның нәтижесінде және қабылданған цифрлық шешімдердің нәтижесінде субсидияланатын жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерге біраз талаптар қойып отырмыз. Мысалы, осы шарт бойынша жұмыс алынған адам еңбек нарығында бір жылдан кем емес жұмыс істеу керек. Штаттық кестеде субсидияланатын жұмыс орындарының саны 10 пайыздан аспауы керек. Ондай субсидия алатын жұмыс берушінің жалақы берешегі болмау керек және әлеуметтік төлемдер уақтылы төленген болуы шарт. Соның арқасында жыл аяғына дейін бюджетке 70 млрд теңгені қатармыз деген есебіміз бар, — деді министр.
Еске салсақ, жуықта Алматыда жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы сотталған болатын.