Еңбек министрлігі мүгедектігі бар жандарға арналған құралдарды жеткізушілерді жіті бақылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз ететін өнім берушілерге бақылау күшейтіледі. Биыл талаптарға сәйкес келмеген 551 өнім беруші Әлеуметтік қызметтер порталының тізілімінен шығарылды.

Мүгедектік неге бір жылға, бес жылға немесе мерзімсіз беріледі
Фото: Еңбекмині

Бұл мәселе Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау министрлігі мен бейінді ұйымдар өкілдері қатысқан жұмыс кеңесінде талқыланды.

Кеңесте мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен және жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, ұсынылатын бұйымдардың сапасын арттыру, өнім берушілердің қызметін бақылау және процестерді одан әрі цифрландыру мәселелері қаралды.

Әлеуметтік қызметтер порталының ашықтығын арттыруға ерекше назар аударылды. Еңбек министрлігі өнім берушілердің қызметіне кешенді талдау жүргізіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді салыстырған.

– Талдау барысында өнім берушілердің кадрлық әлеуеті, салық аударымдары, нақты қызметінің болуы, қойма орындары мен тауар қоры, сондай-ақ ықтимал үлестестігі зерделенді. Нәтижесінде 2026 жылы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін және басқа да негіздер бойынша 551 өнім беруші Портал тізілімінен шығарылды, – делінген министрлік хабарламасында.

Енді өнім берушілерді автоматтандырылған верификациялау тетігі енгізіледі. Оның бірінші кезеңінде ақпараттық жүйе мемлекеттік дерекқорлар арқылы берешек, еңбек шарттары және басқа да көрсеткіштерді автоматты түрде тексереді.

Келесі кезеңде цифрлық құралдар мен геолокация көмегімен тауарлардың және қойма орындарының іс жүзінде бар-жоғы тексерілмек.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жүргізілген мониторинг нәтижесінде талаптарды бұзған 35 жеткізуші Әлеуметтік қызметтер порталынан шығарылған болатын.