Еңбек министрлігі адам саудасымен күреске жауапты уәкілетті орган болады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адам саудасымен күресетін уәкілетті орган ретінде екі бірдей министрлік бекітілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі әзірлеп жатқан «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасында осындай нормалар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң деңгейінде алғаш рет Ішкі істер министрлігі мен Еңбек министрлігі адам саудасымен күресетін уәкілетті орган болып айқындалмақшы. Соның негізінде уәкілетті органдардың функциялары нақты бекітіледі. Қалған 12 мемлекеттік орган мен әкімдіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың функциясы да нақтыланады», - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанада өтіп жатқан құқықтық форумда.
Оның мәліметі бойынша, Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың құқықтық мәртебесі артпақ.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құқықтық мәртебесі бекітіледі. Оларға осы саладағы қоғамдық қатынастарға құқықтық ықпал ету құзыреті беріледі. Олардың Үкімет деңгейінде ұсыныстары ескеріледі. Бұл нақты мерзімдер, орындаушылар және жауапкершілік деген сөз», - деді ведомство басшысы.