Еңбек нарығын тұрақтандыру Үкімет назарында

Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 167 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болып, жұмыс істеуге жәрдем алған. Бұл бағыттағы барлық шаралар еңбек нарығындағы ахуалға оң ықпал етуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысында жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз деңгейінде сақталған. Осылай деген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, бағдарламаның жол картасы аясында 2016 жылы 1 мыңнан астам инфрақұрылымдық жоба іске қосылып, 20 мың жұмыс орны құрылатынын мәлім етті. «Жұмыспен қамту бағдарламасының жол картасына 101 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 1177 инфрақұрылымдық жобаны, сонымен бірге 26 жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктті, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны жүзеге асыру жоспарланған.
Толықтай алғанда, 20 мың жұмыс орны қарастырылған. Бұл мақсаттарға өңірлерге 4,4 млрд. теңге бағытталды. 830 жоба бойынша байқау аяқталды және 470 жобаны жүзеге асыру басталды. Оларға шамамен 5 мың адам жұмысқа тұрды», деді министр. Осы ретте ол Батыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы, Астана қалаларында жоспарланған жобалардың 40 пайызға жетпейтіндігін айтып, бұл жұмыстарды жеделдетуді сұрады.
Т.Дүйсенованың айтуынша, 2016 жылы Кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында 9 мыңнан астам адам 3 млн. теңгеге дейін шағын несие алады. «Мұндай несиелерді алу үшін шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ретінде міндетті түрде тіркелу қажет. Бүгінгі таңда 1,6 мың адам 3, 5 млрд. теңгеден астам көлемде шағын несие алды. Биыл 9 мыңнан астам адамға шағын несие беруді жоспарлап отырмыз, олар 12 мыңнан астам жұмыс орнын ашады деп күтілуде. 30 млрд. теңгеден аймақтарға 21,7 млрд. теңге бөлінді», деді ведомство басшысы.
Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, жыл басынан мемлекеттік инспекторлар ел кәсіпорындарының ағымдағы берешектері 2,8 млрд. теңге көлемінде анықталып, дағдарысқа қарсы штабтың қабылдаған шараларының арқасында оның 2,4 млрд. теңгесі өтелген. «Дегенмен, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтың мәліметтерінде жалақы бойынша жалпы берешектің көлемі бүгінде 1,6 млрд. теңгені құрап отырғаны көрсетілген. Оның ішінде үш айға дейінгі ағымдағы берешектер 514 млн. теңгені, үш айдан асатын уақыты өтіп кеткен берешек шамамен 134 млн. теңгені құрайды. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда, бұл ең көлемдісі - 955 млн. теңге. Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сіздің тапсырмаңызды ескере отырып, келесі аптада әкімдерімен бірлесе отырып жан-жақты ақпарат беретін боламыз», деді Т. Дүйсенова.
Үкімет басшысы К.Мәсімовке қарата айтқан сөзінде.
Премьер-министр бұл ретте жұмыс орындарында еңбекақы төлеу ағымдағы мәселеден өзекті мәселеге айналып кетуі мүмкін екендігін баса айтты. «Үкіметтің келесі отырысында мен жалақы төлеуге қатысты бірқатар өңірдің баяндамасын тыңдағым келеді. Апта ішінде барлық кәсіпорындармен жұмыс істеліп, қабылданатын шараларға қатысты нақты ақпараттар берілуі қажет», деді ол.
Осы орайда К.Мәсімов Қарағанды облысына жұмыс сапарында ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың басшыларымен кездескенін еске салып өтті. «Олар маған Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмысшы қызметкерлерінің қысқартылмайтындығына уәде берді. Яғни, олар кәсіпорындар бірде-бір адамның қысқармайтындығын, олардың жалақылары төленетіндігін айтты. Дегенмен, мұнан бөлек бізде орта және шағын кәсіпорындар көп, экономикалық ахуал оларға арқа сүйейді. Сондықтан бұл мәселе біздің бақылауымызда болуы тиіс. Келесі аптада біз оны тыңғылықты қарайтын боламыз», деді К.Мәсімов.
Премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының қаражаттарын сүт қабылдау пункттері және отбасылық бордақылау алаңдары құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруды несиелеуге бағыттауды ұсынды.
А.Мырзахметов бүгінде сүт пен еттің 70-80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетінін, ал қайта өндеуші кәсіпорындар тек 60 пайызға жүктелгенін айтып өтті. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтардан ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және тасымалдауға арналған инфрақұрылымның жоқтығымен байланысты.
Осыған орай, қолданыстағы сүт зауыттарының қуаттылық жүктемелерін қамтамасыз ету үшін 3 жыл ішінде 668 сүт қабылдау пункттерін құру жоспарланған, ол өз алдына жеке қосалқы шаруашылықтардан 380 мың тонна сүтті жинауды және өткізуді қамтамасыз етеді.
Ұсынылған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 160 мыңнан астам адам жеке қосалқы шаруашылықтардан тұрақты негізде сүт тапсырудан кіріс алумен қамтылатын болады. Сүт зауыттарының қуаттылықтары 64 пайыздан 84 пайызға дейін көбейіп, бұл өз алдына қайта өнделген өнімнің өндірісін 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама 2100 жұмыс орнын құруды және жыл сайын 1 млрд. теңгеден астам салықтық түсімдерді қамтамасыз етеді.