Еңбек нарығына жоғары демографиялық қысым жұмыссыздықтың артуына әкелуі ықтимал – Дәулет Арғындықов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарының бірі өнеркәсіп саясаты, аграрлық сектор және азық-түлік қауіпсіздігі болды. Мұндай пікірді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Жолдауында бірнеше бағытты белгілеп берді. Олардың ішінде өнеркәсіп саясаты, аграрлық сектор, азық-түлік қауіпсіздігі – негізгі бағыттардың бірі саналады. Еңбек нарығы тұрғысынан алып қарағанда өндірісті дамыту немесе индустрияландыру сапалы жұмысты дамытуға барынша оң әсерін тигізеді. Бүгінде еңбек нарығында белгілі бір проблема бар. Бірінші кезекте, ол жұмыс орындары сапасының жеткіліксіздігіне қатысты. Негізінде мұндай сапалы жұмыс орындары дәл сол өндірісте құрыла алады», - деді Д.Арғындықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Спикердің түсіндіруінше, сапалы жұмыс орны деген жоғары табысты, жалақыны, қауіпсіз еңбек жағдайын, қартайғанда немесе науқастанған жағдайдағы тәуекелдерден қорғаныс жүйесінде болуды бідіреді.

«Бүгін Мемлекет басшысының Жолдауда жариялаған тапсырмасы бойынша еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді. Оның мақсаты – бәсекеге қабілетті, болжамды әрі бейімделгіш еңбек нарығын құру. Ал оның маңызды басымдығы жоғарыда атап өткенімдей, жаңа сапалы жұмыс орындарын құру болмақ. Яғни, еңбек нарығы тек жұмыспен қамтуға ғана емес, сапалы жұмыс орнын құруға бағытталуы қажет», - деді Дәулет Арғындықов.

Оның атап өтуінше, еңбек нарығына келетін жастар санының жылдан жылға артуы да сын-тегеуріндердің бірі саналады. Алдын ала болжамға сәйкес, 2029 жылы еліміздің еңбек нарығын 300 мыңнан астам жас толықтырады.

«Бұл 2000 және одан кейін жылдардағы демографиялық өсіммен байланысты. Демек, осы жастар еңбек нарығына шығады және оларға жұмыс қажет болады. Еңбек нарығына жоғары демографиялық қысым жұмыссыздықтың, әсіресе жастар арасында артуына алып келуі мүмкін. Мұның үстіне кенттену де жалғасуда. Біздің болжамға сәйкес, 2029 жылы жұмыс күшінің өсімі халықтың экономикалық белсенді тұрғынына есептегенде 9,6 млн адам болады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 пайызға жуық өсім деген сөз. Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс күшін бөлуде өңірлік теңсіздік күшейеді. Жұмыс күші көп оңтүстік өңір халқы басымдыққа ие болып, ал солтүстік және шығыс өңірлерде жұмыс күші тапшылыққа айналады. Сондықтан да өнеркәсіп саясатын дамыту, ауыл шаруашылығын индустрияландыру жұмыспен қамту және табыс тұрғысынан алғанда еңбек нарығына оң әсерін тигізеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар