Еңбек өтілі –158 жыл: Қызылордада полицейлер әулеті тұрады

полицейлер әулеті
Фото: Қызылорда қалалық полиция басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында жергілікті жұртшылық Мұхтаровтарды полицейлер династиясы деп санайды. Бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі 158 жылды құрайды.

Әулетте алғаш полиция қызметінде болған аталары Абдулла Мұхтаров. Құқық қорғау саласының жауапты міндетін абыройлы атқара білген ардақты азаматтың балалары жастайынан сақшы қызметінің қыр-сырын біліп өсті. 1967 жылы ішкі істер саласындағы қызметін лейтенант шенімен бастаған А.Мұхтаров еселі еңбегінің арқасында облыстық дәрежедегі басшылық қызметтерге дейін көтерілді. Өмірінің 28 жылын құқық қорғау қызметіне арнап, 1989 жылы подполковник шенімен құрметті демалысқа шықты. Ал оның үш бірдей ұлы тәртіп сақшысының қызметін өмірлік жолы ретінде таңдап, құқық қорғау органдарында нәтижелі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Ол кісінің баласы Әбдықалық Абдуллаұлы ҚР Ішкі істер органының қылмыстық іздестіру саласында қызмет атқарды. Подполковник шенімен құрметті еңбек демалысына шықты. Өзінің балалары жөнінде ағамыз «Төрт баламызға зайыбым Айгүл Әмірбекқызымен бірге тәлім-тәрбие беріп, елінің нағыз патриоты етіп тәрбиеледік. Полицей адал, әдепті және жақсы маман болуы керек. Өз жұмысын тиянақты орындау үшін оны жақсы көргені жөн. Отбасы - басты құндылық. Қиын және қауіпті жұмыс біздің отбасымыздағы қарым-қатынасымызға теріс әсер етпейді. Керісінше, полиция қызметі біздің отбасымыздағы байланысты нығайта түсуде», - дейді.

Бүгінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасының абыройлы қызмет атқарып жүрген Жасұлан Әбдықалықұлы Абдулла - бұл әулетте полиция саласында еңбек етіп жүрген үшінші буын. Жасұлан Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінің аға тергеушісі қызметін атқарады, полиция аға лейтенанты. Өзінің кәсібилігімен және қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленді. Ол көптеген әріптесіне үлгі бола білді. Жасұлан қызметте өте жауапты және өзінің алдына қойған мақсатына ұмтылған, мінезі қайырымды, әрқашан әріптестеріне қандай да бір мәселелерде көмектесуге әзір тұрады.

полицейлер әулеті
Фото: Қызылорда қалалық полиция басқармасы

Жасұлан бала кезінен бастап атасы мен әкесінің әр кезде полиция қызметкері формасында көріп өскен. Ол үшін әкесі үлкен үлгі болды. Оның көзінде полиция әрқашан қорған болып тұрды.

«Мен әрқашан атам мен әкемді мақтан тұтамын. Полиция – бұл өте қиын және күрделі мамандық, өйткені адамдар үнемі өз өмірін адамдар үшін тәуекел етеді. Әкем әрдайым жұмыста болатын, оны отбасылық дастархан басынан жиі көре бермейсің», – деді Жасұлан.

Соңғы жаңалықтар
telegram