Еңбек вице-министрі жұмыспен қамту орталықтарына сенім неге төмендегенін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту орталықтарының қызметін қайта қарау ескеріліп отыр. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Елімізде 199 мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары бар, яғни әр облыста және аудан деңгейіне дейін. Бірақ бүгінгі таңда сол жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына заман талаптарына сай өзгерістер енгізу қажет болып тұр. Осыған қатысты тиісті өзгерістерді қарастырып отырмыз. Біріншіден,  аталған орталықтар мемлекеттік мекеме болып табылады және олардың қызметі тікелей жергілікті бюджеттен шығыстар сметасы бойынша қаржыландырылады. Басқаша айтқанда, бұл орталықтардың қызметкерлері өздерінің еңбекақысын кепілді түрде қол жеткізілген нәтижеге қарамастан алып келеді. Мойындауымыз керек, осыған байланысты өкінішке қарай, жұмыспен қамту орталықтарының іс жүзінде халыққа қызмет көрсетіп, жұмысқа орналастыруға қарағанда, бөлінген қаражатты игерумен асыра айналысып жатады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі жұмыспен қамту орталықтары өтініш беру қағидатымен қызмет істейді. Ол дегеніміз, сол орталыққа азамат келген кезде ғана қызмет көрсетіледі. Сондықтан бұл мекемелердің жұмысы қайта қаралып жатыр.

«Бүгінде заң бойынша жұмыс берушілер өзінің бос қызмет орындары туралы мәліметті жұмыспен қамту орталығына өткізуге міндетті. Оны жұмыс берушілер орындап жатыр. Мысалы, былтыр бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс берушілер 544 464 бос жұмыс орнын ұсынды. Бірақ сол вакансия туралы мәліметтер жұмыспен қамту орталығының ақпаратында ғана қалып отыр. Ол тек аталған орталыққа келген азаматқа қолжетімді. Ал өз кезегінде жұмыс беруші сол беріп отырған бос орынға қайтарым көріп отырған жоқ, оған ешкім де кадрды іріктеп  жатқан жоқ. Әрине, осыған байланысты жұмыс беруші тарапынан жұмыспен қамту орталықтарына сенім деңгейі өте төмен», - дейді ол. 

Сондықтан осы себептерді ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме дәрежесінен шаруашылық жүргізу құқығындағы нысанға ауыстырылмақ. «Ол дегеніміз, орталықтар тікелей бюджеттен қаржыландырылмайды, яғни олар мемлекеттің тапсырысын орындайды. Бұл тұрғыда біз әр жұмыспен қамту орталығына индикаторлар белгілейміз, қол жеткізетін көрсеткіштер ескеріледі. Оның басымдығы тұрақты қызметке орналастыруға бағытталады. Олардың барлығына жаңа стандарттар әзірлейміз, осы орайда қызмет көрсету жағдайы, электронды кезек және басқа да талаптары қамтылады. Біз заңды күтпей, қазір Астана, Алматы және Павлодар қалаларында жаңа стандарттар бойынша жұмыспен қамту орталықтарының қызметін бастап кеттік»,- деп түсіндірді вице-министр. 

Бұдан бөлек ол жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің қатынастарын бірлесе отырып кеңейту көзделіп отырғандығын сөз етті. Бүгінде елімізде белсенді қызмет көрсетіп жатқан 46 жекеше агенттіктер бар.

«Біз келесі жылдан бастап жекеше агенттіктерді осы жұмысқа тартуды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, біз оларға тапсырыс береміз, яғни есепте тұрған жұмыссыздарды қызметке орналастыру туралы»,-деді Нұрымбетов 

Соңғы жаңалықтар