Еңбек жолын полицияда бастаған: Майқайыңда табылған соңғы құтқарушы жайлы не білеміз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Айып Тілеубергенов тірі болғанда биылғы 12 қаңтарда 56 жасқа толатын еді. Оның соңында екі ұл және бір қыз бала қалып отыр.

құтқарушы
Фото: Мейірбек Айыпұлының жеке архивінен

Майқайыңдағы ойыққа автобуспен бірге түсіп, қаза тапқан Айып Тілеубергенов кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел автокөлік жүргізушісі болып еңбек еткен.

Марқұмның денесі апат орнындағы топырақ арасынан ең соңғы болып қазып алынды.

Айып Тілеубергенов зайыбымен бірге отбасында 2 ұл және 1 қыз бала тәрбиелеп өсірген. Ұлдары 32 және 30 жаста болса, қыз бала 2008 жылы дүниеге келген.

Марқұм құтқарушы еңбек жолын алғашқыда құқық қорғау саласында тәртіп сақшысы болып бастаған.

майқайың
Фото: Мейірбек Айыпұлының жеке архивінен

Кейін денсаулығына байланысты ол саламен қош айтысуға тура келіпті. 

Одан соң әр жылдары «Майқайыңалтын» АҚ-да, Майкөбедегі көмір кенішінде, кейінгі 6-7 жылда кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында еңбек еткен.

— Әкеміздің мінезі өте сабырлы, байсалды адам еді. Әр нәрсеге байыппен қарап, туралығын айтатын. Техниканы жүргізіп қана қойған жоқ, істен шықса өз қолымен жөндей беретін шебер адам болды. Әкеміз өте ағайыншыл, бауырмал еді. Өздері отбасында 10-нан астам ағайынды, ер балалардың үлкені — әкеміз болған. Артынан ерген іні-қарындастарына үнемі көмектесіп, қолұшын беріп жүретін, -деп еске алды құтқарушыны екінші ұлы Мейірбек Тілеуберген.

құтқарушы
Фото: Мейірбек Айыпұлының жеке архивінен

Бірде Мейірбек балалықпен әкесінің туыстары үйдегі гаражға жиі келіп, көлігін әкесіне жөндетіп мазаны алатынына шағымданыпты.

Мұны әкесіне айтқан екен, сонда Айып аға: «Екінші қайтара мұндай сөзіңді естімейін, бауырлар үнемі бір-біріне жәрдемдесуі керек. Егер оларға қажет дүние қолымда бар бола тұра бере алмасам, қолымнан келетін көмегімді көрсете алмасам туысқандығымыздың құны көк тиын», -деген екен.

«Әкемнің бұл айтқаны өмірлік сабақ болды», — дейді ұлы.

А.Тілеубергеновтің өзі Баянауылдың Ақши ауылында 1968 жылы туған. Тағдыр биылғы 56 жасқа толу (12 қаңтар күні) туған күнін отбасында атап өтуге жазбады.

«Арада жеті айға жуық уақыт өткенде әкеміздің мүрдесі шахта ойығынан қазып алынғаны біз үшін қуанышты әрі қайғылы оқиға болып отыр. Хабарды естігенде әрі қуандық, әрі әкеміздің енді ортамызда болмайтынына көзіміз жеткендіктен қатты қайғырдық. Қабырғамыз қайысады. Халқымызда „Басқа түссе, баспақшыл“ деген нақыл бар. Тағдырдың бұл сынына төзуге тура келіп тұр. Мұндай қайғы-қасіретті өзге отбасылардың басына бермесін», -дейді Мейірбек Айыпұлы.

майқайың
Фото: Мейірбек Айыпұлының жеке архивінен

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.

Оқиға орнынан екі адамның мәйіті табылды.

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.

19 шілдеде үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. Марқұм Айдос Шаймерденнің денесі 70 метр тереңдіктен қазып алынған.

Ал бүгін ойыққа түсіп кеткен автобус жоғары шығарылды және сол көлікте болған соңғы адамның денесі табылды.   

майқайың
Фото: Мейірбек Айыпұлының жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар