Еңбекке қабілетті сотталушылардың тең жартысы жұмыспен қамтылмай отыр - Қ.Қасымов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрмелеріндегі еңбекке қабілетті сотталушылардың тең жартысы жұмыспен қамтылмай отыр. Бүгін Мәжілісте қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, нарықтық экономика жағдайында сотталғандардың еңбегін пайдалану, оларды жұмыспен қамту мәселесі аса өзектіге айналып отыр. Бұл ретте министр былтырғы жылмен салыстырғанда, еңбекпен қамтылған сотталушылар саны 1,5 мыңға артқанын атап өтті.
«Бүгінгі күні түрмелердегі еңбекке қабілетті 26 мыңнан астам сотталушының тең жарымы, яғни 13 мың адам ғана жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі таңда қылмыстық атқару жүйесінің кәсіпорындарында өнеркәсіптің түрлі салаларына қажетті бұйымдар шығарыла бастады. Жақында ғана Қарағанды облысындағы қатаң режимдегі түрмеде сүт өңдеу цехы ашылды, оның қуаты жылына 900 тоннадан астам», - деді Қ.Қасымов.