18:16, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Еңбекшілдер ауданында ғасырға жуық жасаған 15 анаға құрмет көрсетілді
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының әкімі Теміржан Хамитов ғасырға жуық жасаған көпбалалы 15 ананы Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап,
сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Олардың ішінде Қазина Ысмайылова мен Қатша Үйсімбаева әжелердің жасы жүзден асып отыр. Ал осы өңірде 684 ана көп бала тәрбиелеп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көруде. Қазіргі таңда 16 нәзік жан - әртүрлі мемлекеттік құрылымға, 38-і білім ошақтарына басшылық жасап келеді. Ал үшеуі - аудандық мәслихаттың депутаты. 400-ге жуық қыз-келіншек кәсіпкерліктен несібесін табуда. Аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты басқосуда аудан әкімі сол абзал жандардың есімдерін атай келе, әрқайсысына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыстады. Ал жергілікті өнер шеберлері ән мен күйден шашу шашты.