09:44, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Еңбекшілдер ауданында құс шаруашылығын дамытуға 3 миллиард теңге салынды
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер ауданында құс шаруашылығын жандандыру мақсатына «ҚазАгроқаржы» компаниясы арқылы үш миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тартылып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аудан әкімі Теміржан Хамитовтың айтуынша, алғашқы екі миллиард теңге игеріліп, 6 құс өсіру цехы іске қосылған. Бүгінде германдық озық технологиялық жабдықтар толық құрастырылып, 120 адам жұмысқа қабылданды. Қазіргі кезде олардың орташа айлық табыстары 46 мың теңгені құрайды. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Негізгі тұтынушылары - Көкшетау, Петропавл, Теміртау, Щучье, Макин, Ақкөл қалаларына төрт миллион дана жұмыртқа жөнелтіліп отыр. Алдағы уақытта облыс тұрғындары мен Астана қаласы тұтынушыларының сұранысын қанағаттандыру жүзеге асырылатын болады. 2008-2010 жылдарға белгіленген инвестициялық жобаның толықтай іске асырылуы құс және құс етін өндіруді арттырып, жылына 140 миллион дана жұмыртқа алуға мүмкіндік береді.