Енді Алматыда туристерді тауға шығарда тіркеуден өткізеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тауға шығардан бұрын туристерді енді міндетті түрде тіркеуден өткізеді. Құтқарушылар мен туризм басқармасының өкілдерінің айтуынша, бұл бастама қауіпсіздікті арттырып, оқыс оқиғаның санын азайту үшін қолға алынған.

Пермит для альпинистов за восхождение на пики намерены ввести в Кыргызстане
Фото: Freepik.com

— Туристер арасында мұндай нәрсе жоқ болғанымен, біз оны енгізгелі отырмыз. Төтенше жағдайлар департаментімен, Алматы альпинизм федерациясымен бірлесіп осы мәселені қарастырып жатырмыз. Жобалар пулы бар, алда топтасып сапар шегетіндерді тіркей бастаймыз. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін керек, — деді Алматының туризм басқармасының туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ерғалиев.

Оның айтуынша, қалада таулы бағыттарды абаттандыру мен қауіпсіз инфрақұрылым құру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр екен.

— Қазіргі таңда 1 000 шақырымнан астам тау жолы цифрландырылды, оның шамамен 850 шақырымы абаттандырылған. Бағыттаушы белгілер, навигациялық көрсеткіштер орнатылып, демалыс аймақтары мен қауіпсіздік элементтері жабдықталған. Былтыр қосымша 100 шақырым сүрлеу абаттандырылса, биыл тағы 350 шақырымды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ төтенше жағдайда құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін күн панельдері бар кемпинг аймақтары жасалды, — деді Дәурен Ерғалиев.

Құтқарушылардың айтуынша, таудағы оқыс оқиғаның көпшілігі туристердің жолға дайындықсыз шығып, қауіпсіздік ережесін елемеуінен болады екен.

— Киім мен аяқ киімді дұрыс таңдамайды, жолға шығарда қолайсыз уақытты таңдап алады. Адамдар көбіне күн райы мен жүретін жолының күрделілігін ескермейді. Сапарға алдын ала дайындалып, шама-шарқына қарап алу керек. Бұл қауіпті жағдайдың алдын алуға көмектеседі, — дейді ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің бас құтқарушысы Вадим Пак.

Ол сондай-ақ жабайы жануарлармен кездескен жағдайда өзін қалай ұстау керегін еске салды.

— Жануарларды үркітпеу керек, дүрлікпеуі керек. Сабыр сақтап, ақырын-ақырын шегіншектеп, арақашықтықты сақтау қажет. Жақындап, суретке түсіп, назар аудартуға тырыспау керек. Бұл солардың тіршілік ететін ортасы, сондықтан шектен шықпағаныңыз дұрыс, — деді Вадим Пак.

Сонымен қатар құтқарушылар тауға шығарда жақын-жуықтарына бағытын хабарлап, өзімен бірге қажетті заттарды алып жүруі керек екенін айтты.

— Сапарға шығарда қайда баратыныңызды, қашан оралатыныңызды міндетті түрде хабарлау айту керек. Өзiңiзбен бірге дәрі қобдишасын, су, азық-түлік пен жылы киім ала жүріңіз. Навигацияны қолдана білу керек, күн райына да көз жүгіртіп қойған артық болмайды, — деді Вадим Пак.

Мамандардың айтуынша, осы қарапайым ережелерді сақтау мен туристерді тіркеу сияқты жаңа ережелерді енгізу таудағы демалысты қауіпсіз етіп, төтенше жағдайдың санын азайтуға сеп болмақшы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар