Енді емханаларда мейіргерлер де науқас қабылдай алады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде алғашқы медициналық көмектің жаңа моделі енгізілді.

Жаңа өзгеріске сай, енді кейбір жеңіл жағдайларда науқастарды мейіргерлер қабылдайды. Бұл туралы бүгін «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту» тақырыбында өткен баспасөз отырысында денсаулық сақтау министрлігінің маманы хабарлады.
- Енді дәрігер кейбір міндеттерін медбикеге тапсыруы мүмкін. Соның арқасында медбикелер бұрын тек дәрігер атқаратын кейбір медициналық қызметтерді өздері орындай алады. Бұл дәрігерге күрделі клиникалық жағдайларға көбірек назар аударуға мүмкіндік беріп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады дейді, - «Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы» ШЖҚ РМК директоры Айгүл Қасымова.
Қабылдау кезінде мейіргерлер:
- Пациентпен сауалнама жүргізеді;
- Әлеуметтік және психологиялық тәуекелдерді анықтайды (өмір сүру жағдайы, тамақтану, осалдық факторлары);
- Объективті тексеріс жасайды (қан қысымы, салмақ, тері жағдайы және т.б.);
- СТОП диагностика жүргізеді (мысалы, диабетпен ауыратындарда – тактильдік және ауырсыну сезімталдығы тексеріледі);
- Сестриндік диагноз қояды;
- Қолданыстағы классификатор бойынша өз құзыретіндегі ем-шараларды жүргізеді;
- Бұрын дәрігер тағайындаған тегін дәрі-дәрмек рецептін жазып береді, кейбір анықтамаларды береді және бақылау жоспары бойынша ұсыныстар жасай алады.