Енді ғимараттарды пайдалануға беру үшін өрт қауіпсіздігі қорытындысы қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда объектілерді пайдалануға берер алдында өрт қауіпсіздігі қорытындысын алу міндеттеледі, деп хабарлайды Өртке қарсы қызмет комитетінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда объектіні қабылдау және пайдалануға бермес бұрын оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алуды міндеттеуді көздейтін азаматтық қорғау саласындағы жаңа талап күшіне енеді.
— Бұл міндет құрылысқа тапсырыс берушіге жүктеледі және адамдар көп жиналатын нысандарға, сондай-ақ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады. Қорытынды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері дайын нысанда жүргізілген өрт-техникалық тексерудің нәтижесі бойынша беріледі, — делінген комитет хабарламасында.
Қорытындыны беру тәртібі мен оның нысаны «Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру қағидаларын бекіту туралы» Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 26 тамыздағы № 359 және «Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындының нысанын бекіту туралы» 2025 жылғы 6 тамыздағы № 309 бұйрықтарымен бекітілген. Аталған нормативтік құқықтық актілер ашық қол жеткізуде орналастырылған.
Қорытынды беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет форматында электрондық түрде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылатын болады.
Бұдан бұрын Астанада тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіліп жатқанын жазғанбыз.