Енді қазақстандықтардың әл-ауқат деңгейі жаңа жүйемен өлшенеді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткіштер бойынша анықталады. Бүгінде пилоттық жоба іске қосылды.

Жаңа тәртіпті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Алтынай Сейсембаева түсіндіріп берді.
— Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында 6 мемлекеттік орган арқылы көрсетілетін 11 мемлекеттік қызмет бірыңғай цифрлық платформа арқылы ұсынатын пилоттық жобаны жүзеге асырыла бастады. Бұл жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін қосымша қолдау шараларына қатысты. Оның ішінде мектептегі тегін тамақтану, студенттерге арналған жатақхана, балалар лагеріне жолдама, тұрғын үй көмегі және басқа да қолдау шаралары кіреді. Оларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткіштер бойынша анықтайтын үлгі қолданылады, — дейді Алтынай Сейсембаева.
Министрлік сарапшысының мәлімдеуінше, аталған үлгі негізінде отбасының табысы, мүлкі, несиесі, сондай-ақ денсаулық жағдайы тексеріледі.
— Одан бөлек, көлеңкелі табысы, мысалы, бейресми жұмыс істеу сияқты материалдық емес факторлар ескеріледі. Пилоттық жоба аясында отбасылардың әл-ауқат деңгейі бойынша 6 санатқа жіктеледі. Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жинақталған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады. Егер отбасында 2 немесе одан да көп тұрғын үй, 2 немесе одан да көп автокөлік болса және отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа айлық табыс 4 ең төмен күнкөріс деңгейінен асып кетсе, ол отбасы 6 санатты әл-ауқатты отбасылар қатарына жатқызылады. Аталған отбасылар жергілікті атқарушы органдардың бюджет есебінен көрсетілетін қосымша әлеуметтік қолдау алушылар тізімінен шығарылуы мүмкін. Пилоттық жобаны енгізу бала туғанда және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыға, көпбалалы және марапатталған аналарға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жандарға берілетін жәрдемақыға қатысы жоқ. Сонымен қатар асыраушысынан айырылған жағдайда тағайындалатын жәрдемақыға әсер етпейді. Республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы, барлық жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 5 түрлі төлем бұрынғы тәртіппен көрсетіледі, — деп түсіндірді маман.
Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері 4,7 млн адамға әлеуметтік төлем берілді.
Еске салайық, өткен жылы бюджеттен әлеуметтік төлемдерге 5,3 трлн теңге бөлінді.