Енді мемлекеттен көмек алған банктер жаңа инвесторға сатылып отырады
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қаржылай қиындыққа тап болған банктерді бюджет есебінен қалпына келтірудің жаңа ережесін таныстырды.

- Заң жобасында төлем қабілеті жоқ банктердің жұмысын реттеу тетігін енгізу көзделіп отыр. Қолданыстағы тәсілден басты айырмашылығы антидағдарыстық режимге көшудің нақты жүйесі бар болуында. Бұл жүйе банктің қаржылық ахуалының нашарлауына қарай біртіндеп енгізіледі. Реттеу тетігі үш антикризистік режимнен тұрады. Біріншісі – күшейтілген қадағалау. Екіншісі – қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру. Үшіншісі – төлем қабілеті жоқ банктің жұмысын реттеу, - деді ол.
Айтуынша, банктерді мемлекет тарапынан қолдауға тек шетін жағдайларда ғана, жүйеқұраушы банктер үшін ғана, акционерлік капиталды толық пайдаланған жағдайда және бүкіл міндеттемелерді толық конвертациялап болғаннан кейін ғана жол беріледі.
- Мемлекеттік қолдаудың жалғыз формасы болады – мемлекет жүйеқұраушы банктің капиталынан тікелей үлес алады. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін керек. Мемлекеттің үлес алуы уақытша және қайтарымды негізде болады. Қажет мөлшердің ең төменгі бөлігінде ғана қолдау көрсетіледі. Оның үстіне банктің акционерлерін, басшылығын ауыстыру, дивиденттер мен бонустар төлеуге тыйым салу сияқты шаралармен бірге жүреді.
Қаржылық орнықтылық қалпына келген соң банк жаңа инвесторға сатылады. Ал мемлекет салған ақша бюджетке қайтарылады, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетейік, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасы таныстырды.