Енді нотариустың атқарушылық жазбасын онлайн алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде нотариус қызметін цифрландыру шеңберінде атқарушылық жазба электрондық форматқа көшірілді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті.

нотариус
Фото: Uztag.info

— Нотариустың атқарушылық жазбасы — берешекті мәжбүрлеп өндіру құжаты. Демек қарыз немесе мүлікті өндіріп алу үшін нотариус арнайы белгі, яғни атқарушылық жазба береді. Егер қарыз беру немесе алу шарты нотариатта куәландырылған болса, сотқа емес, тікелей сот орындаушысына жүгіне алады, — деп түсіндірді Талғат Уәли.

Ресми өкілдің айтуынша, аталған жаңашылдық азаматтардың шығынын азайтып, уақытын үнемдеу үшін, сондай-ақ қызмет сапасын арттырып, цифрлық жүйені енгізу мақсатында қабылданған шешім.

— Бұған дейін нотариустар атқарушы жазбаны қағаз түрінде беріп келді. Енді нотариаттық атқарушылық жазба электрондық форматта ресімделеді. Ол үшін нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасы жеткілікті, яғни заңды күші бар. Айта кететін жайт, қарсылық болған жағдайда нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюға міндетті, — дейді ол.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, биыл 31 наурыздан бері 32 мыңнан астам атқарушылық жазбаның күші жойылды.

Еске салайық, биыл сәуірде Әділет министрлігі «Цифрлық атқарушылық жазба» пилоттық жобасын іске қосты

Соңғы жаңалықтар