Енді Өзбекстанда жалған оқытушылар мен дәріскерлерге айыппұл салынады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандық сенаторлар жалған оқытушылар және дәріскерлермен күресті күшейтуге бағытталған заңды мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан Олий Мажлисінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазір жастардың санасы мен мәдениетіне теріс әсер ететін идеяларды насихаттау арқылы ағартушылық қызметпен айналысып жүргендердің саны артты. Бұл өз кезегінде заңнаманы жетілдіруді талап етеді.
Осыған байланысты «Білім туралы» заңына толықтыру енгізіліп, Әкімшілік кодекспен жауапкершілік белгіленеді.
Атап айтқанда, ағартушылық қызметпен айналысуға құқығы жоқ адам заңды елеместен сол бағыттағы жұмысын жалғастырса, онда жеке тұлғаға 5-тен 10 базалық есептік шамаға дейін (64 мың теңгеден 129 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Ал осындай әрекетке барған лауазымды тұлғалар 10-нан 15 базалық есептік шамға (129 мың теңгеден 193 мың теңгеге дейін) дейін айыппұл арқалайды.
Егер әкімшілік жаза қолданылып, кейін құқық бұзушылық қайталанатын болса, онда жеке тұлғаларға – 10-15, ал лауазымды тұлғаларға 15-20 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салынады.