Енді Түркістан өңірінде табиғи шырын мен балалар тағамы шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында жеміс-жидектерді терең өңдейтін зауыт іске қосылды, жеміс пюресі, алма ұнтағы, сондай-ақ балалар тағамына арналған өнімдер шығарады, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Производство сока Шырын өндірісі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және отандық шикізаттың қосылған құнын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірлерде ондаған инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

алма
Фото: АШМ

Осы ретте Түркістан облысының Түлкібас ауданында алма және өзге де жемістерді терең өңдейтін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын 100 пайыз табиғи, қоспасыз шырын, жеміс пюресі, алма ұнтағы, сондай-ақ балалар тағамына арналған өнімдер шығаруға бағытталған.

«Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі заманауи өндіріс стандарттарына сай келеді және Қытайдан жеткізілген жаңа автоматтандырылған жабдықтармен жарақтандырылған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 5 мың тоннаға дейін алма өңдеуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында жеміс-жидектерді терең өңдейтін зауыт іске қосылды
Фото: АШМ

Қазір кәсіпорында тәулігіне 30 тоннаға дейін алма өңделіп, Ayim брендімен шығарылатын дайын өнімдер сауда желілерінде сатылып жатыр.

— Кәсіпорын толықтай өз шикізатымен қамтамасыз етілген. 300 гектар аумақтағы алма бақтарынан жиналған өнімнің бір бөлігі өңдеуге жіберілсе, қалған бөлігі сыйымдылығы 2 мың тонналық кооперативтің жеміс сақтау қоймасында сақталып, қыс мезгілінде нарыққа шығарылады. Алдағы уақытта зауыт жергілікті бағбандардан стандартқа сай келмейтін алмаларды қабылдап, өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл аудан фермерлері үшін қосымша қолдау болмақ, — делінген хабарламада.

Түркістан облысында жеміс-жидектерді терең өңдейтін зауыт іске қосылды
Фото: АШМ

Бұған дейін елімізде картоп, көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын орындардың жалпы сыйымдылығы 2 371 500 мың тонна екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар