Енді жетімдер мен қамқоршысыз балаларды кәсіби отбасылар тәрбиелейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ертеңнен бастап «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар туралы» ереже күшіне енеді. Жаңа заңға сәйкес, енді жетім немесе қамқоршысыз қалған балалар бірден жетімдер үйіне жіберілмей, кәсіби қабылдаушы отбасыларға орналастырылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 15 400-і түрлі отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі уақытта шамамен 1500 бала патронаттық тәрбиеде болса, 280-ге жуық бала қабылдаушы отбасылардың қарауында. Ал білім, медицина және әлеуметтік қорғау саласындағы мекемелерде 3 мыңнан астам бала өсіп келеді.
1 шілдеден бастап жетім балаларды тәрбиелеудің осы төрт баламалы нысанына жаңа үлгі — кәсіби қабылдаушы отбасы жүйесі қосылады. Бұл институтты енгізуге қатысты заңға былтыр 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған болатын. Ал сол заңның негізінде 2025 жылдың 31 наурызында «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар туралы ереже» ресми түрде бекітілді.
— Бұл заң нормасы Қазақстандағы жетім балаларды тәрбиелейтін мемлекеттік мекемелерді жабу, балалардың құқықтық мүддесін қорғау және олардың қандай да бір психологиялық соққы алмауын қадағалау мақсатында енгізілді. Түрі жағдайлармен ата-анасынан жетім қалып немесе қамқоршысынан айырылған бала бірден мекемеге жіберілмей, алдымен кәсіби қабылдаушы отбасыға орналастырылады, — дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Кәсіби негізде бала тәрбиелейтін отбасылармен арнайы келісімшарт жасалып, ай сайын 275 мың теңге жалақы төленеді.
— Қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде немесе қабылдаушы отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға байланысты мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мұндай отбасыларға ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Бұл — баланың қажеттіліктерін өтеуге арналған әлеуметтік көмек. Ал патронат тәрбиешілерге осы жәрдемақымен қатар, олардың еңбегі үшін ай сайын 35 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Бұл сома тәрбиеші ретінде атқаратын қызметі үшін беріледі. Сол сияқты, кәсіби қабылдаушы отбасыларға да әр балаға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Бұған қоса, кәсіби қабылдаушы отбасы ретінде арнайы дайындықтан өткен ерлі-зайыптыларға мемлекет 70 АЕК мөлшерінде ай сайын жалақы төлейді, — дейді Мақсат Несіпбаев.
Кәсіби қабылдаушы отбасы ретінде бала тәрбиелеу құқығына ие болу үшін ерлі-зайыптылар Оқу-ағарту министрлігінің арнайы үш айлық психологиялық даярлық курсынан өтуі қажет.
— Кәсіби қабылдаушы отбасыларды іріктеп алған кезде бірінші кезекте жас ерекшелігіне мән береміз. Оның соттылығы болмауы, арнайы есепте тұрмауы керек. Денсаулығында ешқандай кінәрәт болмауы қажет. Сонымен қатар сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылмауы шарт. Оқу-ағарту министрлігінің ата-аналарды дайындайтын 3 айлық психологиялық курсынан міндетті түрде өтуі керек. Мұндай кезде отбасыдағы бала саны да ескеріледі. 4 баласы болса, ондай отбасы кәсіби қабылдаушы отбасы болып саналмайды. 3 баласы болса, тек 1 бала ала алады, — дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы.
Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Жамбыл облысында 7 жетім бала баспаналы болды.