20:56, 13 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Енді мектептер өз оқушыларын буллинге қарсы тұруға баулиды
Мектептер өз оқушыларын буллингке қарсы тұруға баули білуге тиіс. Балалардың құқықтарын қорғаудың кешенді жоспарында білім ошақтарына осындай талап қойылып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешенді жоспардың негізгі шараларының бірі − мектептерде жеке қауіпсіздік сабағын енгізу. Жеке қауіпсіздік сабағында балалар әртүрлі жағдайларды шешуге көмектесетін білім мен дағдыларды үйренеді. Балаларға қауіпті жағдайлардың алдын алу дағдысын үйрету және оған қалай әрекет ету керектігін білу олардың өмірінде кездесетін қиындықтарға сенімді, эмоционалды тұрақты және дайын болуына мүмкіндік береді», - деді Еділ Оспан.
Кешенді жоспар асында балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу сапасын арттыру көзделген.
«Еліміздің әр өңірінде білім беру процесіне қатысушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтары (білім алушылар, педагогтар, ата-аналар) жұмыс істейтін болады. Олардың қызметі білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтерді үйлестіруге және әдістемелік сүйемелдеуге ғана емес, сонымен қатар балалар мен ата-аналарға тегін консультациялық қызмет көрсетуге бағытталған», - деді вице-министр.
Жоспар аясында елмізде мектепішілік есепке алудың кейс-менеджмент технологиясы енгізіліп жатыр.
«Аталған тетік қиын жағдай туындаған сәттен бастап оны толық шешкенге дейін балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек. Уақтылы көмек пен қолдау көрсету жауапкершілігі білім беру ұйымдарының басшыларына жүктелген», - деді ведомство өкілі.