«Енді өзге елдерді тексере аламыз»» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Алматыдағы инновациялық жобалар форумы» атты мақала басылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен инновациялық жобалар форумына қатысты. Президенттің өзі төрағалық еткен келелі кеңесте еліміздің инновациялық кластерін жетілдіру және одан әрі қалыптастыру мәселелері қозғалып, Елбасының тікелей тапсыруымен іргесі қаланған Инновациялық технологиялар паркінің дамуы мен келешегі туралы сөз қозғалды. Елімізде екі бірдей инновациялық кластер қалыптасып келе жатқаны белгілі. Оның бірі - Астанада, Назарбаев Университеттің арқауында, ал екіншісі - Алматы қаласында, Инновациялық технологиялар паркінің жан-жақты жетілдірілген кешенінде.

Кеңес барысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев инновациялық даму саласындағы ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, инновациялық белсенділік үлесі 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 10 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 20 пайызға, ал ІЖӨ-дегі инновациялық өнімдердің үлесін 2,5 пайызға дейін арттыру жоспарла­нып отыр. Соңғы уақытқа дейін қаралған 3500-ден астам жобаның 577-сі мақұлданып, қолдау тапты.

Бас баcылымда «Астық мол болсын десек, жаңа жолмен даму керек» деген көлемді мақала жарияланды. Елді мекендердегі кәсіпорындардағы қызметкерлерге тұрғын үйлер салуды қаржыландыру ауадай керек. Ауыл тұрғындары үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға, әлеуметтік жағдайларын түзетуге үндейтін бастамашыл жобаларды тікелей қаржыландыруды, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020», «Ақ бұлақ» бағдарламаларын енгізу мүмкіндіктерін жасаған ләзім. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша кадрларды тұрақтандыру үшін 90 пайыздық мөлшермен мемлекеттің қатысуымен қаржы салып, келесі 10 пайызын өз есебі негізінде төлетіп, тұрғын үйлер салу ісі қолға алынуы тиіс. «Осы бағдарламаны ұзақ мерзімді негізде қалдыруды көздеп, үйді пайдаланатын тұрғындарға бірқатар талаптар қойылуы шарт. Нақтысы, үйлер жекешелендіру құқығынсыз, қызметтік болып қалуы керек. Мұнымен бірге, шаруашылықпен еңбек шартын бұзған кезде тұрғын үйді жалға алу шарты өздігінен күшін жоюы маңызды»,-деп жазады мақала авторы

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстандық салықшылар енді АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Канада, Италия, Франция және басқа да елдердегі тексерістерге қатыса алатын болады.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті кешегі кеңейтілген отырысында осындай қызықты мүмкіндіктер беретін халықаралық құжатты құптады. Бір ғажабы сол, бұл жоба арқылы Қазақстан оффшорлармен «әкімшіліктік» байланысқа шығуға әзірленуде.

Әлемдегі барлық дамыған мемлекеттер мүше «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының» (ЭЫДҰ) осы мәселелерді қарастыратын арнайы Конвенциясы кеше ратификациялауға толық дайын етілді. Сенаттың Салық комитетінің осы күнгі жиынына «Өзгерістер енгізу туралы Хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Конвенцияны ратификациялау» жобасы шығарылды.

Бұл құжат қысқаша айтқанда, қазақстандық салықшыларға шетелдік әріптестерімен емін-еркін ақпараттар алмасуға, шетелдегі салықтық тексерістерге қатысуға және басқа мемлекеттерде қаржы-активтері бар компаниялардан қарыздарын өндіріп алуға мүмкіндік береді. Бұл жайында «Енді өзге елдерді тексере аламыз» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Халал мен залал» атты мақала берілген. «Дүкен сөрелерінен «халал» деген белгі соғылған ет өнімдерін мұсылман түгілі, өзге дінді ұстанатындар да көптеп сатып алуының астарында не бар? Бір ғана себеп: ол - тазалық. Осылайша, тамақтан да тазалық іздегендер сауданы қыздырды. Тіпті сонау Жапонияда жаппай халал тағамдар жеу дәстүрге айналғанын интернеттен оқығанда, бұл үрдістің келешекте де қанатын кең жая беретіндігіне сенесің», - деп жазады газет.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Бесіктің қадірін білейік» деген мақала көпшілік назарына ұсынылған. «Бірде қала көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатып, тұрғын үй жанындағы қоқыс жәшігіне көзім түсті. Қоқыс жәшігі алдында қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептелетін бесігімізді көрдім. Апыр-ай, оны тастаған кім екен деп аң-таң болдым. Жақында ғана бір басылымнан «Қазақтар бесікті қоқысқа лақтырып жатыр» деген сынды мақаланы оқығанымда жағамды ұстаған едім. Ал міне, өзім осындай көріністің куәсі болдым. Ата-бабамыздан келе жатқан бесікті қоқысқа теңеп лақтыруға кімнің ғана дәті барды екен ...» - деп жазады мақала авторы.

Соңғы жаңалықтар