Енді зиратта бос орынның бар-жоғын әкімдіктің сайтынан білуге болады

«Жергілікті атқарушы органдар зират қорымы орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден әрбір қайтыс болған азаматты немесе тұрғылықты жері белгісіз адамды жерлеу үшін кемінде 6 м2 болатын, бірақ 8,1 м2 аспайтын жер учаскесін тегін бөледі. Зират қорымының аумағы зираттар қатарына бөлінетін және автомобиль көлігіне арналған өтпе жолдармен және зират учаскелеріне өтетін жолдармен жайластырылатын учаскелерден тұрады», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған Ұлттық экономика министрінің бұйрық жобасында.
Сонымен қоса жаңа талапқа сай, енді Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстың әкімдігі мына қызметтерді көрсетуге міндеттеледі:
- зираттарға арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу деректерін (мәліметтерін) жинақтайды;
- жерлеуге, зират қорымдарын күтіп ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шарт талаптарының сақталуын бақылайды;
- зират қорымының бос емес және бос учаскелері бойынша өзекті ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсында орналастырады.
Бұйрық жобасы 21 қыркүйекке дейін көпшілік талқысында болады.