Ендігі міндет - жас ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету

trong>Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Бүгінгі күн - жаңашылдық дәуірі. Еліміз қоғамдық қатынастың жаңаша кезеңіне өту барысында саяси-әлеуметтік һәм мәдени-рухани саланың бірін өрмен, бірін ылдимен сүйрей жүріп, замана көшінен жаңылған емес. Соның ішінде білім саласы әрбір белес сайын әрқилы реформаға тап келді.Бірақ, бұл ілім-білімді алға қойған елдің даму жолындағы ізденісі, тәуекелі еді.
None
None

Жас  ұрпаққа білім беруде ұлттық, мемлекеттік және халықаралық деңгейде біршама іс атқарылды. Әнебір жылы білімнің қадыры аздап қашыңқырап еді, әлемнің тыныс-тіршілігі жаңа технологияға ауғанын аңдаған ілкімді ел ілім-ғылымға шұғыл ден қойды. Рас, осыдан бір ғасыр бұрынғы оқуға шөліркеген аға ұрпақтың құлшынысындай болмаса да, балаларымыз өз кезеңіне лайықты үлгеріп жатыр. Осы күннің оқушылары білім берудің жаңа технологиясы ә деп тарап үлгергенше, әдістеме иелерінің алдына түсіп игеріп, интерактивті тақтаны, электронды оқу құралдарды меңгеріп ала қояды. Әрине, оған үкімет тиісінше қолдау да, мүмкіндік те жасап отыр. 

2005 жылдан бастап мектептерді мультимедиялық жабдықтау кең үрдіс алды. 2007 жылы басталған интерактивті технология қанат жайып, бүгінде 3 мың 821 мектеп сабақты жаңаша өткізуге кірісті. Өткен жылдың өзінде 1 мың мектеп интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Осы мектептер өзара интернет арқылы ақпарат, тәжірибе алмасып, білім берудің озық әдісіне көшті. Білім және ғылым министрлігінде орнатылған интерактивті студия арқылы республика көлемінде апта сайын жаңашыл және тәжірибелі мұғалімдер сабақ жүргізіп, педагогикалық кеңестер өткізіледі. Министр Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Еуропаның дамыған мемлекеттерінің бірқатарында мектептері осынау жаңа технологиямен, соны әдіспен кең көлемде, толық жабдықталмаған екен. Әр мектеп өзінің қолда бар ресурсына қарай қамтылса керек. Олар заманауи технологияның қазақ елінің білім беру ісіне дендей еніп жатқанына қызыға қарайтын көрінеді. «Осыны естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалды» деді ол Астанада өткен мұғалімдердің тамыз кеңесінде. Оқулықтардың 77 пайызы электронды нұсқаға көшірілді. Бұл да ТМД көлеміндегі ең озық, ең жоғарғы көрсеткіш. 

Бүгінгі таңда Қазақстан сауаттылық жағынан дүние жүзіндегі 170 елдің мектептерінің ішінде 14-орында. Нарықтық қоғамның және экономикалық дағдарыс секілді саяси-әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, білім беруде қазақтың әлемде алдыңғы қатардан табылуы - ұстаздардың ерен еңбегі. Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөлінді. Осы тұрғыда ұстаздар қауымына бірқатар жауапты міндеттер жүктелді. Олардың бастысы - жаңа оқу жылында дамыған елу елдің білім саласындағы тәжірибесін зерттеу. Бұл жөнінен біздің өрендер өз еліміз түгілі, халықаралық білім сайысында айрықша өрелік танытып үлгерді. Бүгінде Қазақстанның оқушылары нақты ғылым мен жаратылыстану саласында әлемде алдыңғы лектен көрінді. Қазақ балалары математикадан 5-орында, жаратылыстану пәні бойынша 11-орында. Жалпы командалық есепте 2-орынға көтерілдік. Бұл - өзіміз бәсекелестікке ұмтылып жүрген Еуропа, Гонконгпен қатар, Америка, Жапония, Сингапур секілді елдермен білім жөнінен үзеңгі қағыса бастағанның көрінісі. Еуропада, Ұлыбританияда басылымдар Қазақстан мұндай нәтижеге қалай қол жеткізді деген тақырыпта мақалалар жариялады. Ал солардың дені - қазақ мектебінің оқушылары. Ендеше, ондай мектепте білімге уызынан жарымаса, бала осы деңгейге қайтіп көтеріледі?

«Білімнің қай саласында болсын, ұлттық кадр даярламай, көсегеміз көгермейді. Демек, білім беру жүйесінде ендігі үлкен міндетіміз - оқу-білім үйрету ғана емес, баршаны сапалы біліммен қамтамасыз ету. Сондықтан, бұдан былай бар күш-жігер мен ілім-білігімізді оқушылардың білім сапасын арттыруға жұмсауымыз керек. Жаңару мен дамуға білімнің сапасын арттыру арқылы қол жеткіземіз»,- деді Ж. Түймебаев.

«Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайда?» Елінің жақсы атын шығарып жүрген шынашақтай балалары осындай абырой әкелгенде білімнен аяғаның - баладан аяғаның, баладан аяғаның - болашағыңнан аяғаның. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының мақсаты - тозығы жеткен мектептер мен оқушылары үш ауысымда оқитын ауыл, қалаларда жаңа мектеп салу. Оның сыртында  тағы да 100-ден аса жаңа мектеп салынады. Өйткені, соңғы жылдары құлдыраңдаған бөбектер мектепке сыймауға айналды. 2007-2008 жылдары республикалық бюджеттен 112, жергілікті бюджеттің есебінен 55 мектеп тұрғызылды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін республикалық бюджеттен 63, жергілікті бюджеттен 42, жалпы саны 105 мектеп салынып бітуі қажет. Оның 42-сі Білім күнінде асты-үсті сыңғырлап дайын болды. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 32 білім мекемелеріне 1 млрд 85 млн теңгеге жөндеу жасалды. Еліміздің мектептерінде орнатылған компьютерлер жаһандық желіге қосылған. Әрбір жиырма оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жөнінен Астана алдыңғы орында. Елордада әрбір 12 балаға бір компьютерден тиеді.  

«Білім беруі ісіне үкімет деңгейінде қанша жерден қолдау көрсетілсе де, жергілікті билік қамқорлық етпесе, еңбек далаға кетеді. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің елорда мектептеріне, мұғалімдерге жасап жатқан игілігі көпке үлгі»,-деп бағалады министр.  

Өткен оқу жылында елордада 1200 орындық 4 жаңа мектеп салынды. № 60 мектеп-лицейі, № 61 орта мектеп және № 62 мектеп-лицейі мен физика-математика бағытындағы Президенттік тұңғыш интеллектуалдық мектеп ашылды. Сондай-ақ, жетім балаларға арналған 880 орындық № 26 кәсіптік-техникалық пайдалануға берілді.

Астана әкімдігі мұғалімдердің кәсіптік біліктілігін жетілдіруден бастап әлеуметтік хал-ахуалын түгендеуге ұдайы қолдау жасап отыр. Елордалық мұғалімдердің сөзіне қарағанда, өткен оқу жылы кәсіптік байқаулар көп өткен жыл болды. №4 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқытушысы Гауһар Шалдыбаева «Астана қаласының жыл мұғалімі» атанды. Сол еңбегі үшін елорда әкімі оған пәтер кілтін тапсырды. Былтырдан бері бірнеше мұғалім баспаналы болды. Биылғы оқу жылын әкім құрауыз атап өткен жоқ, оншақты мұғалімге тағы үй берді. Елорданың ең үздік мектебі атағын алған №38 мектеп-лицейінің 10 үздік оқытушысына жалақысына еселеп 50 пайыз үстеме қосты. Астананың үздік бес білім мекемесіне әкімнің гранты берілді. Елордалық төрт мектеп республика көлеміндегі үздік танылған 100 мектептің қатарына енді.

Астана әкімінің негізгі мамандығы - мұғалім. Сондықтан, жас ұрпаққа, оның тәлімі мен тәрбиесіне өз биігінен қарап, қоғамдық маңыз береді. Сол себепті мұғалімдердің тамыз конференциясында Иманғали Тасмағамбетов педагогика және білім беру турасында өзекті ойларын ортаға салды:

«Еліміздегі барлық инициативалар мен жетістіктер елордадан бастау алу керек. Бүгінгі қоғамның да, ұстаздың да зор міндеті - бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Себебі тәлім мен тәрбие мәселесі - қоғамымыздың кепілі. Бүгінгі күннің өзегі - жас ұрпақтың рухани кемелдігі. Балаларды ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне бай салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағлымы кең тұлға ретінде қалыптастыруда салмақ та, сын да ұстаздарға артылады. Ұлттық талғам мен сана-сезімі жоқ адамда отаншылдық  рух та болмайды. Бұл - ақиқат. Ендеше, бұл міндеттерді шешудің қайнар бұлағы - педагогикада. Ұстаз - балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымы мен өмірге деген көзқарасының иесі. Баланың тұлға болып өсуі - «Әліппе» жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан алғашқы ұстаздан. Ендеше, ұрпағымыздың саналы болып қалыптасуы мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен басталады. Ал бұл міндет кейін келе тек бір мұғалімнің емес, мектептің, ауыл-аймақ, елінің мойнына көшеді»,-деді ол.

Елорданың білім саласы өте шұғыл өсіп келеді. Он жыл бұрын елордада қазақ мектебі жалғыз еді. Енді олардың қатары 20-ға жетті. 1998 жылы үш қазақ балабақшасындағы 545 бала тәрбиеленсе, бүгінде 7 мың 673 бала қазақ балабақшасына барып жүр. Бұл - жалпы контингенттің 52 пайызы. 2008-2009 оқу жылында қалада жалпы білім беретін 76 мектеп жұмыс істеді. Оның 64-і - мемлекеттік, 12-сі - жекеменшік. Мектепке дейінгі білім мекемесі 38 болса, «мектеп-балабақша» сипатты 5 мектеп бөбектерді мектептке дайындау ісімен айналысты. Сондай-ақ, жекеменшік 18 балабақша бар.

Иә, оқушының туған жерінің перзенті, Отанының адал ұланы болып қалыптасуында мектептің орны бөлек. Дегенмен, отбасының ықпалы зор. Имандылықты жастайынан бойына сіңірген, әдепті, сабаққа ынталы ұғымтал болуы ата-анадан. Жас ұрпақтың рухани кемел болуына екіжақты тәлім алған бала бәсекелес елу елді ғана емес, білімімен «мыңды жығады».

Ал, осы мәселе әлі күнге дейін сөз жүзінде қалып келе жатқан жоқ па? Әкімінің сөзіне қарағанда, елордалық мектептер мемлекеттің білім беру саласының тұтас бөлшегіне айналып үлгерген жоқ. Оның себебі көп. Біріншіден, педагогикаға «жолдан қосылған», мұғалімдікті тұрақты айлығы бар жұмыс деп қана көздеп келгендер баланың бойына білім сіңірмек түгілі, мектепті оқушылардың құлықсыз келетін орынға жеткізді. Мұндайда не бала, не мұғалім «сынады». Өкінішке қарай, небір құйтұрқыға үйренген үлкеннен гөрі, жаны кәусардай мөлдір баланы «бұзып», тұтас толқынның обалына қалып жүрміз. Нарықтық қатынасқа көшкелі моральдық-мәдени және патриоттық тәрбие кеміп кетуінің бір себебі - осыдан. Оқушылар арасында  моральдық-психологиялық ахуал дұрыс емес. Оқытушы сабағын беріп құтылғанша асық. Жоқ, бала тәрбиесіне басын тіккен адам тәрбиеші бола білуі керек. Өрелі сынып жетекшісі әр баланың ата-анасынан да жақын.

Қалада 7 739 педагог еңбек етеді. Оның 6 712-сі - жоғары білімді, 2 052 мұғалім жоғары санаттылар қатарында, 1 928-і - бірінші санатты. Биылғы оқу жылы қарсаңында білікті 443 педагогтың санаты жоғарылатылды.   

«Астана қай жағынан, да, әсіресе, адамдарының білімді, мәдениеттілігі жөнінен өзгелерге үлгі. Себебі елорда - елдің айнасы. Әр баланың жүрегіне осы мақсатты сіңіру - бәріміздің парызымыз. Сол себепті жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Мен - астаналықпын» бағдарламасы енгізілмек. Және заман талабына орай, білім берудің менеджменттік сипатқа көшпейінше, білім сапалы болмайды. Осының негізінде тәжірибе мен озық әдістемені насихаттайтын және білім, үлгерімі айнадан көрініп тұратындай әр мектептің өзінің дербес веб-сайтын ашу қажет. Ары кеткенде бір айдан соң орындаулы керек!»-деді И. Тасмағамбетов.             

Ғалымдардың зерттеуі бойынша мұғалімдер өз қызметінде 200-дей жұмыс түрін атқаруға тура келеді екен. Мұғалімнің ең негізігі миссиясы - оқушының өзін өзі тануына, өзін өзі дамытуға әрдайым ықпал жасап отыру. Әр оқушының қоғамға, өз Отанына қызмет етуін санасына сіңіру қажет. Осы орайда Астанада тәлімгерлерге қолайлы жағдайдалар жасалып келеді.

Педагогикалық жаңашылдық үрдіс пен идеялар қазақ мектептерінің тынысын ашып, зердесін ұштайды. Мектептер - қоғамның үнін жас ұрпаққа жеткізуде жетекші механизм. Мектеп дамуға бет алды

 «Ғылым таппай мақтанба» деген Абайдың даналығы нақты шындыққа айнала бастағандай. Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» дейді. Ендеше, еліміз бен елорда мектептерінде ұлы мұғалімдер көбейсін!

Соңғы жаңалықтар