Энергетика министрі Ақмола облысындағы газ және жылу беру жүйесіне қатысты пікір білдірді

«Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме бағаны тоннасына 33 600 теңге деңгейінде бекіту туралы шешім қабылдады. Бұл шара сұйытылған мұнай газын өндірушілері мен өткізушілері арасында кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өндіру зауыттарын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаларды мемлекеттік реттеуді сақтап қалды. Ақмола облысы үшін сұйытылған газдың биылдың соңына дейінгі мерзімде 1 литр үшін 70 теңге мөлшерінде шекті бөлшек сауда бағасын бекітті», - деді Б. Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, осы өңірде 26 газ желісі ұйымы және 120-ға жуық автомобильге газ құю станциясы бар.
«2021 жылы облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 98,6 мың тоннаны құрады. Биылды қаңтар-тамыз айларында шамамен 68 мың тонна өткізілді. Министрлік ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып және бағалардың алыпсатарлық өсіп кетуіне жол бермей, сұйытылған мұнай газын облыстар бойынша бөлу тетігінің реинжинирингін жүргізу бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өткім келеді. Осы орайда өндірушілер белгілеген бөлшек сауда бағаларына сүйене отырып, сұйытылған мұнай газына шекті көтерме бағаларды айқындау жөніндегі қағидалар әзірленетін болады. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газының биржасына көшу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек ол Ақмола облысында жылу жүйесімен қамтамасыз етудің негізгі көзі Степногор жылу энергетикалық орталығы және «Көкшетау Жылу» МКК қазандықтары екенін айта келе, олардың белгіленген жиынтық қуаты 1,6 мың Гкал/сағ, ал қазіргі қуаты 1,1 мың Гкал/сағ шамасында екенін айтты.
«Степногор жылу энергетикалық орталығының орташа тозуы 76 пайызды, ал «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны қазандық жабдығының орташа тозуы 63,1 пайызды құрап отыр. Бүгінде қала қарқынды дамып келеді, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде, көп қабатты құрылыстары бар жаңа кварталдар, кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандары іске қосылып жатыр. Осыған тұрғыда Көкшетау қаласын жылумен жабдықтауға қатысты мәселесі өзекті. Жұмыс істеп тұрған аудандық қазандықтардың қуаты жеткіліксіз.
Ол үшін жылу қуаты 520 Гкал/сағ құрайтын Көкшетау жылу энергетикалық орталығын салу қарастырылып жатыр», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғадай, ҚР Энергетика министрлігі «Көкшетау қаласында ЖЭО салу» жобасы бойынша тендер өткізеді.