Энергетика министрлігі Екібастұзда жаңа электр станциясын салуға тендер жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Энергетика министрлігі Екібастұз қаласында (Солнечный кенті) қуаттылығы 2640 МВт болатын жаңа конденсациялық электр станциясын салуға тендер жариялады.

ГРЭС
Фото: ukgras.ru

Жоба еліміздегі орнықты энергетиканы дамытуға бағытталған. Ол жаңа генерациялық қондырғыларды салып, оларды пайдалануға беруді көздейді. Заңнамаға сәйкес, бұл тендерлік тетік электр қуаты нарығы арқылы инвестицияның қайтарымын қамтамасыз етеді.

Тендердің нәтижесі бойынша электр қуатын қолдау қызметіне арналған жеке тариф белгіленеді. Бұл тарифке мыналар кіреді:

  • негізгі капитал шығындарының өтемі;

  • жобаны жүзеге асыру үшін тартылған несиелер бойынша сыйақы;

  • инфляция деңгейіне жыл сайын индексацияланатын инвестицияланған капиталға рентабельділік мөлшері.

Өтінімдерді қабылдау уақыты:
Басталуы – 2025 жылғы 25 сәуір, сағат 09:00,
Аяқталуы – 2025 жылғы 12 мамыр, сағат 15:00,
(Астана уақытымен).

Жобаны іске асыру еліміздің энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосады, Қазақстанның халықаралық беделін арттырады және орнықты даму (ESG) қағидаттарына адалдығын айқындайды.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметте энергетикалық жобаларды іске асыру барысы қаралған болатын.

Соңғы жаңалықтар