Энергетика министрлігі Теңіз терминалындағы үшінші айлақ толық жұмыс істей бастағанын растады
АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалында жөндеу жұмыстары толық аяқталып, үшінші айлақ құрылғысы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Бұл туралы KAZINFORM тілшісіне, Энергетика министрінің кеңісшісі, министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлім етті.
– Жөндеу аясында қалпына келтіру және техникалық жұмыстар толық орындалып, құрылғының қауіпсіз жұмысқа дайын екендігін растау үшін қажетті сынақтар жүргізілді. Үшінші айлақтың іске қосылуы мұнайды екі айлақ құрылғысы арқылы бір мезгілде жөнелтуге мүмкіндік береді, - деді министрліктің ресми өкілі.
Айтуынша, бұл Теңіз терминалының жұмыс сенімділігін арттырып, жоспарлау мүмкіндіктерін кеңейтеді әрі Қазақстанның мұнай экспорты жөніндегі міндеттемелерін кестеге сай орындауға мүмкіндік береді.
– Нысандарды пайдалану өнеркәсіп және экологиялық қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкестікпен жүзеге асырылып жатыр деді Әсел Серікпаева.
Еске салсақ, 2025 жылдың аяғында Каспий құбыр консорциумы Теңіз терминалы аумағындағы метеорологиялық жағдайға байланысты мұнайды тиеу уақытша тоқтатылған болатын.