Энергетика министрлігі жаңаөзендік жұмысшыларға қатысты шешімін жақында жариялайды

«Мұнайшылар Энергетика министрлігінің аумағына топтасқан кезде олардың талаптары шашыраңқы болған», - деді министр.
Оның сөзінше көтерілген бірнеше талаптың ішінде «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорнына жұмысқа тұрғызып беру және бұған дейін өткен тендердің күшін жою талаптары қойылған.
«Жалпы, олармен диалог ұйымдастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Энергетика министрлігінің департамент директорлары болды. Олар диалогке кіріскен жоқ, бірақ сол маңда ахуалды бақылап, адамдармен сөйлесті, талаптарын нақтылады. Қазір біз ресми ұстаным әзірлеп жатырмыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске салсақ, «Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері Астанаға келіп, кешеден бері тендерден ұтылған компанияның жұмыссыз қалған қызметкерлерінің мәселесін шешу бойынша бірнеше талап қойып жатыр.