Энергетика: үш облыста ірі инвестициялық жобалар іске асады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Германия билігі жаңартылатын энергия көздеріне бөлінетін субсидияны қысқартпақ
Фото: DW

Заңның мақсаты - 2024 жылғы 12 қарашада Бакуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында қол қойылған келісімді ратификациялау.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, келісім ҚР аумағында жаңартылатын энергетика және орнықты даму саласындағы жобаларды ынталандыру, құру және жүзеге асыру арқылы жаһандық климаттың өзгеруімен тиімді күресу үшін Қазақстан мен Қытайдың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Келісім нормаларына сәйкес, тараптар құқықтық, заңнамалық базаның ашықтығын қамтамасыз етеді, Қазақстан аумағында ірі жобаларды әзірлеуге, құруға, іске асыруға және пайдалануға жәрдемдеседі, оларды іске асыру үшін тәртіп, негізгі шарттар мен рәсімдік мәселелер белгіленеді.

Құжатта жел және күн электр станцияларын салу қарастырылған. Осы ірі жобаларды іске асыру Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарын қамтиды. Ірі жобалардың әрқайсысы энергия өндіру және жинақтау үшін кешенді инфрақұрылым құруды көздейді. Келісімге сәйкес ірі жобалар үшін электр энергиясын сатып алу туралы шарттың қолданылу мерзімі 25 жылды құрайды.

Бұл жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, «жасыл» технологияларды ендіруге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететін болады.

Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, жобалардың жалпы қуаты 1,8 гигаватты құрайды. Мұндай көлемдегі қуат еліміздің энергия теңгеріміндегі «жасыл» электр энергиясының үлесін арттырып қана қоймай, бірқатар өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді.

- Заңда ірі жобаларды іске асырудың арнайы тәртібі қарастырылған. Бұл нормалар жобалардың ауқымы мен техникалық күрделілігін ескере отырып енгізілген сондай-ақ, қаржылық тұрақтылық, техникалық мүмкіндіктер және жаңартылатын энергия саласындағы дәлелденген тәжірибе секілді инвесторларға да нақты талаптар қойылады. Ең бастысы, бұл бастамалар Қазақстанның 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі міндеттеріне және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді, - деді депутат.

Аталған үш жобаны 2027-2029 жылдары аяқтау жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңа қабылдағанын жазған едік.

Жобаларды іске асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларын құрайды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум