Күн энергиясы алғаш рет ЕО-да негізгі энергия көзіне айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Маусым айында күн энергиясы Еуроодақтағы электр энергиясын тұтынудың 22,1%-ын қамтамасыз етті – бұл кез келген басқа энергия көзінен артық, деп есептейді британдық Ember талдау орталығы, деп жазды DW.

Атом электр станциялары 21,8%-ды, ал жел турбиналары 15,8%-ды қамтамасыз етті.
Күн панельдері өндірген электр энергиясының жалпы көлемі 45,4 тераватт-сағатқа жетті. Бұл 340 миллион адамды бір ай бойы электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті – бұл Германия, Франция және Испания халқының жалпы санынан да көп, деп жазады Der Spiegel.
Бұл тек ұзақ әрі шуақты жаз күндеріне байланысты емес – Solar Power Europe қауымдастығының мәліметінше, тек 2024 жылдың өзінде желіге қуаты шамамен 66 гигаватт болатын жаңа жүйелер қосылған.
Күн энергетикасы Еуроодақта қарқынды дамуда – бұл Ресей шикізатынан бас тарту және Қытайда күн модульдерінің жаппай өндірісінің нәтижесінде олардың бағасының төмендеуімен байланысты.
Бұған дейін Германияда сәуір айында күн энергиясы негізгі электр энергия көзіне айналғанын жазған болатынбыз.