Энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін Қазақстанға қанша АЭС салу қажет

Қазақстан АЭС
Фото: «Аккую» АЭС құрылысы/rusatom-energy.ru

Қазақстанда атом электр станциясын салу керек деп бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Соңғы жылдары елде электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өсіп, экологияның нашарлауына байланысты осы тақырыпта пікірталас күшейе түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін жалпыұлттық референдум өткізуді тапсырды. Мәселен, бауырлас Түркия елі биыл алғашқы АЭС пайдалануға береді. Осы тұста, Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Түркияға арнайы барып, осы атом станциясы қалай салынып жатқанын және бұл тәжірибе Қазақстанға қай жағынан пайдалы болатынын өз көзімен көріп қайтты.

Электр энергиясына сұраныс әлемде жыл сайын 3%-ға артып келеді

Соңғы жылдары энергия тұтыну жыл сайын артып, қоршаған ортаның нашарлауына байланысты бүкіл әлемнің энергетикалық бейнесі өзгеріп жатыр. Әлемде көптеген ел басқа энергия көздері болмаған соң баламалы энергияға көшуді ойластырып келеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (International Energy Agency) болжамы бойынша 2023-2025 жылдары әлемде электр энергиясына деген сұраныс жылына орта есеппен 3%-ға өседі.

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) - 1973-1974 жылдардағы мұнай дағдарысынан кейін 1974 жылы құрылған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) құрамындағы автономды халықаралық орган. Агенттіктің мақсаты – жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті ілгерілету. Ұйымға мүше болу үшін елде 90 күндік импортталған мұнай көлемінен кем емес мұнай қоры болуы керек. ХЭА-ға мүше елдер жаһандық энергияға сұраныстың 80% құрайды.

АЭС
Фото: Kazinform

 

Дәл осы елдер зиянды шығарындылардың негізгі бөлігін шығарады. Соңғы жылдары шығарындылар рекордтық деңгейге жеткен (коронавирус пандемиясы кезеңін қоспағанда). 2022 жылы шығарындылар көлемі 36,8 миллиард тоннаға жетті. Дүние жүзінде инсульт, өкпе ісігі және жүрек ауруынан болатын өлімнің үштен бірі осы ауаның ластануынан болады. Әсіресе, балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар ауыруға бейім ең осал топқа жатады.

Сондықтан 2022 жылы ХЭА өз қызметінің жаңа тарауын ашты десек болады. Қазір агенттіктің басты мақсаты – елдердің әртүрлі энергетикалық проблемалары мен климаттың өзгеруін ескере отырып, таза энергетиканы дамытуға және оған көшуге жәрдемдесу. Сонымен бірге, ХЭА-ға көшу мәселелерінде жетекшілік ететін негізгі басымдықтар - оның қауіпсіз, қолжетімді болуы және ұзақ мерзімді перспектитвада қоршаған ортаға әсерін азайту.

Баламалы энергияға көшуден қашып құтыла алмаймыз...

ХЭА сарапшыларының зерттеулеріне сәйкес, болашақта электр энергиясының жаһандық таралуы орталықтандырылған жүйеден орталықсыздандырылған электр энергиясына ауысады. Бұл тұрғыда баламалы энергия көзі өте қолайлы. Оның ең танымал түрлері - жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) және ядролық немесе атом энергетикасы. ХЭА энергетикалық талдаушысы, ЖЭК интеграциясы және электр энергиясының қауіпсіздігі бойынша маман Кит Эверхарт күн батареяларын, сондай-ақ жел диірмендерін орнату құны артатынын айтады.

Бұл үшін басында ең перспективалы орындарға жаңартылатын энергия көздері орнатылады. Содан кейін ЖЭК орнатуға болады деген жерлерде қондырылады және сәйкесінше, олардың шығынын қайтарып алу жағынан тиімділігі азая береді», - деді Кит Эверхарт Мерсин қаласында (Түркия) журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

АЭС
Фото: Түркиядағы баспасөз мәслихаты, Мерсин қаласы, 2023 жылғы желтоқсан/ Sustainable Enerji Projeler

 

Өздеріңіз білетіндей, жаңартылатын энергия көздері ауа райына тәуелді болады. Сарапшы атом энергетикасын пайдалана отырып зиянды шығарындылардан біржолата құтылуға тез қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Атом энергетикасы технологияларын енгізу 4 есе аз ресурс қажет етеді. Сонымен қатар, ядролық технологиялар электр энергиясына деген сұранысқа көбірек бейімделеді. Өндіріс жағынан ядролық технологияларға теңдесі жоқ», - деді спикер.

Жаңартылатын энергия көздері тұрақсыз болып саналса да, агенттік сарапшылары электр энергиясын өндіруді әртараптандыру қажет деп атап өтті. Бұл ретте баламалы энергия көздерін енгізу бәсекелес емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын процесс болуы керек.

Айта кетейік, Түркия осы стратегияны ұстанады. Олар атом энергетикасын енгізу үшін ұзақ әрі күрделі жолдан өтті. Қазіргі уақытта елде алғашқы атом электр станциясы салынуда. Түркия күрделі энергетикалық ахуалын реттеу үшін не істегені жайлы көбірек білу үшін Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Мерсин қаласына барды.

Түркия «таза энергияға» жету үшін ұзақ жолды еңсерді

Түркия - 85 миллионға жуық халқы бар, экономикасы қарқынды дамып, энергия тұтыну көлемі артып келе жатқан ел. Алайда, мемлекеттің өз көмірсутегі ресурстары жоқ, газ бен мұнайдың басым бөлігін импорттайды. Жетіспейтін электр қуатын да өзге елдерден сатып алуға мәжбүр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, елдің электр энергиясының 50%-ы жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етіледі. Түркияның табиғи жағдайы қолайлы, жылына 3 айдан астам уақыт шақырайып күн шығып, тұрақты жел соғып тұрады. Дегенмен, жаңартылатын энергия көздерін өндіру үшін жабдық сатып алуға, оны орнатуға жұмсалған шығындардың шамамен 30%-ы ғана қайтады.

Мәселен, жел диірменін қозғалысқа келтіру үшін желдің жылдамдығы сағатына 15 км жетуі керек. Турбинаның биіктігі - 100 м, қалақтарының ұзындығы - 56 м. Желдің бағытына байланысты 5 жаққа айнала алады. Оның мәлімделген қуаты - 9 МВт, бірақ іс жүзінде ол сағатына шамамен 500 МВт өндіреді – бұл тәулігіне 3 МВт. Мұндай станциялардың әрқайсысы 3,5 миллион доллар тұрады. Оның қызмет ету мерзімі - 40 жыл.

АЭС
Фото: Жел электр стансасы, Түркияның Мерсин қаласы, 2023 жылғы желтоқсан/ Рабиға Нұрбай

 

Күн батареяларына қатысты жағдай да дәл осындай. Орнатуға кеткен шығын баяу өтеледі, жазда 50-60%, қыста 20-30% аралығында болады. Негізінен жел электр станциялары мен күн батареялары өздері орнатылған ауылдар мен шағын қалаларды электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Түркия үкіметі жаңартылатын энергия көздерін орнататын компанияларға преференция береді, сондай-ақ энергияның жеткіліксіз өндірісін субсидиялайды. Электр энергиясы тұрғындарға әдеттегі бекітілген тариф бойынша сатылады. Яғни, шығынның қомақты бөлігін мемлекет өз мойнына алады.

АЭС
Фото: Күн панельдері, Түркияның Мерсин қаласы, 2023 жылғы желтоқсан/ Рабиға Нұрбай

 

Сондықтан ел атом энергетикасын белсенді дамытып келеді, себебі бір АЭС 1200 жел электр станциясын алмастырады. Ал бір отынмен 1,5 жыл жұмыс істейтін жалғыз ядролық реактор 125 мың вагон көмір вагондарын ауыстыруға қауқарлы. Ядролық технологияның болашағы бар екенін түсінген Түркия атом энергетикасын дамыту мәселесін 1970 жылдардың басында көтере бастады. 70-ші жылдардың ортасында Мерсин провинциясындағы Аккую ауданы алғашқы АЭС салатын орын ретінде анықталды. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Барлық тәуекел, соның ішінде сейсмикалық қауіп есептелді - жер сілкінісі кезінде бұл аймақ арқылы ешқандай сызат өтпейді. Айта кетейік, Аккую түрік тілінен аударғанда «таза құдық» дегенді білдіреді. 1976 жылы Түркия билігі Кеңес Одағына бірінші атом электр станциясының құрылысына лицензия берген еді, бірақ экономикалық проблемаларға байланысты жоба іске қосылмады.

2000 жылдары экономикасы қарқынды дами бастаған Түркия үкіметі бұл мәселеге қайта оралды. Атом электр станциясын салуға тендер жарияланып, Ресеймен серіктестікте алғашқы АЭС салу туралы шешім қабылдайды. 2010 жылы келісімге қол қойды. Содан кейін зерттеу, сараптама жүргізу, рұқсат алу процесі басталып, ол шамамен 5 жылға созылған. Заңнамаға өзгерістер енгізу үшін тағы үш жыл қажет болды. Осылайша, 2017 жылы Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы құрылыс лицензиясын алды. Қазір Мерсин қаласында бірінші атом электр станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

АЭС
Фото: «Аккую» АЭС құрылысы/rusatom-energy.ru

 

«Аккую» атом электр станциясының жалпы белгіленген қуаты - 4800 МВт. Барлық төрт энергия блогы іске қосылғаннан кейін ол жылына шамамен 35 млрд кВт/сағ қуат өндіреді. Бұл көлем Ыстанбұл сияқты ірі мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Осылайша, ол Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің 10%-ына дейін жабады.

Қоршаған ортаға әсерді азайтуға келетін болсақ, атом электр станциясын іске қосу көмір мен газ негізінде электр энергиясын өндіруді ауыстыру арқылы атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына 17 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Атом электр станциясы – орналасқан аймақтың дамуына септігін тигізіп, жұмыс орындарын ашатын қала құраушы кәсіпорын. АЭС айналасында үй, мектеп, аурухана, балабақшалар және басқа да қалалық мекемелер салынуда. Атом электр стансасы салынып жатқан жердегі тұрғындарға ақша табу үшін басқа өңірлерге кетудің қажеті жоқ.

АЭС
Фото: АЭС құрылыс алаңы/rusatom-energy.ru

 

2023 жылдың сәуірінде станцияға Ресейден алғашқы ядролық отын жеткізілді. Бірінші энергоблок биыл іске қосылуға дайындалуда. Барлық энергоблоктар іске қосылғаннан кейін атом электр станциясында 4 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады.

АЭС
Фото: rusatom-energy.ru

 

Айта кету керек, Түркия үкіметі ел аумағында тағы үш атом электр станциясын салу жоспарын жариялады. Бұл шағын модульдік реакторлар бола ма, әлде басқасы ма, оны ел билігі шешеді. Дегенмен, кем дегенде, оларды жүзеге асыру тәжірибесі, сондай-ақ бүкіл заңнамалық база сол уақытқа дейін мемлекетке қолжетімді болады.

Қыстың қамын жаз ойла

Қазақстанда электр қуатына қатысты ахуал күрделеніп келеді. Елдегі электр қуатының тапшылығы кешкі уақытта шамамен 1,3 -1,5 ГВт-қа жетеді. Жетіспеушілік жағдайы әсіресе оңтүстік облыстарда ушығып тұр. Энергетика мамандарының айтуынша, 2021 жылы халық санының өсуі, экономикалық даму және криптовалюта майнерлерінің есебінен электр энергиясын тұтыну көлемі өсті. Елімізде энергия нысандарының әбден тозығы жеткені жағдайды одан сайын ушықтырып отыр – олардың кейбірінде тозу дәрежесі 80% - ға жетеді.

Осы тұста, мемлекет бірқатар шара қабылдап жатыр. Елімізде 2023 – 2029 жылдарға арналған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, оны іске асыру энергетикалық нысандарды жаңғыртуды және 2029 жылға қарай тозуды 20%-ға азайтуды көздейді. Бұл ретте елімізде жаңартылатын энергия стансалары енгізіліп жатыр. 2022 жылдың соңында Қазақстанда қуаты 2400 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істейді деп хабарланған еді. Елдегі электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің жалпы үлесі 5 %-ды құрайды. Энергетика саласына 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 16%-ға дейін жеткізіп, кемінде 7 ГВт іске қосу міндеті қойылды. Сарапшылардың болжамы бойынша, электр қуатының тапшылығы 2024 жылы 0,8 ГВт-қа дейін төмендейді. Бірақ 2029 жылға қарай тапшылық 3 ГВт-тан асуы мүмкін.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойып отыр. Бұл еліміздің біртіндеп көмірмен электр қуатын беруден бас тартатынын білдіреді. Мамандардың айтуынша, тұрақты электр қуатын тек атом электр станциялары ғана қамтамасыз ете алады. Ал тұрақты электр қуатынсыз экономика дами алмайды. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан тапшылық елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда АЭС салу жөнінде пікірталас күшейе түсті. Атом электр стансасын салу шешімін қолдайтындар көбейді. Айта кетейік, құрылыс алаңы алдын ала белгіленген. Зерттеу нәтижесінде таңдау Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылына түсті.

Алдын ала құны да белгілі болды. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, бірінші атом электр стансасының құны 10-нан 15 миллиард долларға дейін болады, бұл баға оның алғашқы станса болуымен тікелей байланысты. Оның айтуынша, АЭС құрылысы коммерциялық жоба болып саналады.

2019 жылы Қазақстан АЭС салу саласындағы серіктестік үшін әртүрлі елдердің жетекші жеткізушілерінің 13 түрлі жобасын қарастырды. Елімізге ең қолайлы 4 жоба таңдалды. Таңдау орта және шағын қысымды су реакторларының пайдасына жасалды. Келесі компаниялар тізімге енді:

- HPR-1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы;

- APR-1400 реакторы бар кореялық KHNP;

- ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар ресейлік Росатом;

- EPF-1200 реакторы бар француздық EDF.

Сарапшылардың пікірінше, АЭС үшін отын ретінде қолданылатын уран өндіру бойынша Қазақстан әлемде бірінші орында тұрғанын ескерсек, атом станциясы іске қосылғаннан кейін тұтынушыларға электр энергиясының құны өзгермеуі тиіс.

Сондай-ақ, сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, атом электр станциясының жұмысы Балқаштағы су деңгейіне әсер етпейді, реакторларды салқындату үшін одан су алынады.

Қазақстанда бірнеше онжылдықтар бойы ядролық реакторларды апатсыз пайдаланудың өзіндік тәжірибесі бар.

Мысалы, Маңғыстау атом электр комбинатының БН-350 реакторын пайдалануы, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы Ядролық физика институтындағы ғылыми-зерттеу реакторларының жұмысына жақсы негіз бар. Бұл Қазақстанның өз тәжірибесі, ғылыми-техникалық базасы бар саланың бірі. Ал өткен жылдың соңында біздің ядролық физиктер ұжымы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықты алды. Ал, атом электр станцияларындағы апаттарға келсек, ондай проблема болған жоқ, – деп атап өтті қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев Kazinform агенттігінің талдау шолушысына берген сұхбатында.

Қазақстан Президенті атом энергетикасын дамыту маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанын бірнеше рет атап өтті. Ал, бұл ел болашағына қатысты болғандықтан, атом электр стансасын салу туралы шешім жалпыхалықтық референдумда қабылдануы тиіс. Ел халқы оны өткізу мерзімі жақын арада анықталады деп күтуде.

Радиофобия немесе энергетикалық тәуелсіздік?

Орталық Азиядағы New Nuclear Watch Institute (Nnwi) институтының төрағасы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, атом энергетикасына жаһандық балама жоқ. Қазақстанда тек атом энергетикасы ғана елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады.

«Бір кездері Лондонда екі-ақ көлік болатын және олар бір-бірімен соқтығысып, апатқа ұшырады. Бұл әлемдегі алғашқы көлік апаты еді. Бүгінде бір жылда болатын көлік апаттарының санын 365 күнге бөлетін болсақ, Қазақстанда күн сайын жол апатынан 10 адамға дейін қаза табады. Елімізде бар болғаны 5 ядролық реактор болса, бүгінде 3-еуі жұмыс істеп тұр. Реакторлар 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр, бірде-бір адам өлімі болған жоқ. Сұрақ: біз неден қорқамыз? Неге біз көліктен емес, атом электр станциясынан қорқамыз? 18 мың 500 реактор-жылдан астам уақыт ішінде небәрі 3 ірі апат болды», - деді Бауыржан Ибраев Түркияның Мерсин қаласында журналистерге берген сұхбатында.

АЭС
Фото: Бауыржан Ибраев, Түркияның Мерсин қаласы, 2023 жылғы желтоқсан/Sustainable Enerji Projeler

 

Оның айтуынша, бұл үш апат қазіргі технологиядағы атом электр станцияларының тиімсіздігі мен қауіптілігінің өлшемі бола алмайды.

«Мысалы, 1971 жылы Фукусима атом электр станциясында мамандар жапондықтарға апаттық дизель генераторын жоғарырақ – тауға көтеруді ұсынды. Жапондықтар 5 метрлік қоршау бар, сол жетеді деп құлақ аспады. 40 жыл жұмыс істегеннен кейін 15 метрлік толқын келді. Ал шын мәнінде, реактордағы жарылыс келесі күні ғана болды. Осы уақыт ішінде дәл сондай генераторды көрші қаладан әкеліп, апаттық салқындату қосылатындай етіп қосуға мүмкіндік болды», - деп жалғастырды Бауыржан Ибраев

Оның айтуынша, адами фактор үлкен маңызға ие болды. Қазіргі уақытта, тарихтан сабақ алып, ол мәселе шешілді. Реакторларға қатысты қазір негізгі шағымдардың бірі – оның қымбаттығы. Бірақ дұрыс жоспарласа, ақша үнемдеуге болады.

«Мысалы, бұрын фин реакторының құны шамамен 20 миллиард еуро болған. Бүгінде қытайлықтар технологияны меңгеріп алып, 2,3 миллиард долларға реакторлар салып жатыр – бұл он есеге жуық айырмашылық», - деді спикер.

Айта кетейік, Қытай жылына бір уақытта 6 атом электр станциясын салып жатыр.

«ҚР Энергетика министрлігі 2032-2035 жылдары тапшылық жылына 17 ГВт-қа дейін жетеді деген болжам жасады. Егер бір блок 1,2 ГВт берсе, онда 17-ні 1,2-ге бөлсе, онда Қазақстанға сол уақытқа дейін 12-13 блок салу керек. Бізде жел мен күн стансалары болады десек, шамамен 8-10 блок қажет», - дейді Бауыржан Ибраев.

Сарапшылардың есептеулері бойынша бір блоктың құны 2032-2035 жылдарға қарай шамамен 3 миллиард долларды құрайды. Бауыржан Ибраевтың ойынша, оны тез салып, дәл сондай тез пайдалануға беру керек, сонда ақша үнемдеуге болады.

«Шынында құрылысты 5 жылда бітіруге болады, техникалық-экономикалық негіздеме, рұқсат қағаздары, т.б. жұмыстарға тағы 3 жыл кетеді. Қаржы ағындарын дұрыс жоспарлап, бөлу арқылы айтарлықтай қаражат үнемдеуге болады», - деді спикер.

Сонымен қатар, ілеспе жолдар, балабақша, мектептер мен ауруханалар құрылысын локализациялауға болады, бұл да қосымша шығындарды қысқартады.

«Референдум өткеннен кейін Үкімет ресми түрде учаскені таңдауы керек,– ол Үлкен ауылы болады делік, одан кейін 2-3 жыл техникалық негіздемеге кетсе, содан кейін құрылысты бастап кету керек. Ол 5 жыл, сонда барлығы 8 жылға созылады. Осылайша, дұрыс жоспарлау және қажетті шешімдерді жылдам қабылдау арқылы АЭС-тің бірінші блогын 2030-2032 жылдарға дейін салуға болады деп ойлаймын», - деді Бауыржан Ибраев.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – әлемдік масштабтағы проблема емес. Әр ел қажеттілігіне, экологиялық жағдайына және экономикалық мұқтаждығына қарай дербес шешім қабылдайды. Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сәйкес, атом электр станцияларын салуға кеткен $1 шығын $4 экономикалық өсім болып қайтады. Қытай, Жапония, Корея, АҚШ, Франция сияқты барлық дамыған елдер бір кездері атом электр стансасын салу керек деген шешімге келді, соның арқасында экономикалық серпіліске қол жеткізді. Жылу электр станцияларының тозығы жетіп жатқанын, экологияның нашарлауын, сондай-ақ елдің көміртегі бейтараптығы жөніндегі міндеттемелерін ескере отырып, Қазақстанда АЭС салатын уақыты келді. Сарапшылардың пікірінше, атом электр станциясының құрылысы энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және елдің энергетикалық тәуелсіздігін сақтау үшін өте маңызды.

Соңғы жаңалықтар