Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

«Әр өңір бойынша қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын зерттеу үшін ауқымды талдау жүргізілді. Осы талдауға сәйкес: 22 жылумен жабдықтау кәсіпорнында желілердің ағымдағы тозуы 65-тен 90 пайызға дейін; 18 электрмен жабдықтау объектілерінде 70-тен 97 пайызға дейін; сумен жабдықтаудың 13 кәсіпорнында 70-тен 100 пайызға дейін; 24 суды бұру кәсіпорындарында 70-тен 100 пайызға дейін жетті», - деді вице-премьер.
Осыған байланысты Қанат Бозымбаевтың алға тартқан дерегіне сәйкес, коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 50 пайызға дейін төмендету үшін келесі инвестицияларды тарту қажет:
- жылумен жабдықтау 2,2 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 2,5 трлн теңге;
- электрмен жабдықтау 114,7 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 3,2 трлн теңгеден астам;
- сумен жабдықтау 5,3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 900 млрд теңге;
- суды бұру 3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 1,3 трлн теңгеден астам қажет.
«Қолданыстағы белгіленген қуаты 20,4 ГВт 55 энергия өндіруші ұйымдардың орташа тозуы 56 пайызды құрайды. Станциялардың тозуын 25 пайызға төмендету және белгіленген қуатты 32,6 ГВт-қа дейін арттыру үшін шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция қажет. Алдын ала бағалау бойынша Ұлттық жобаны (Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту ұлттық жобасы) іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция керек. Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығы үшін тарифтік әдіснамаға қажетті өзгерістер енгізілетін болады. Қаржы институттары мен инвесторларға тиісті тарифтердің қажетті деңгейлеріне кепілдік беруге және инвестициялар мен қарыздарды қайтаруға мүмкіндік беретін үкіметтік және ведомстволық актілерді қабылдау ұсынылады. Инвестицияларды қайтару кепілдігін нығайту үшін үш жақты келісім жасалынады: қаржы институттары, қарыз алушы және реттеуші орган арасында», - деді Үкімет басшысының орынбасары.