Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту: ТҮКШ саласына 10 трлн теңге инвестиция тартылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Әзірленіп жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ТҮКШ саласына 10 триллион теңге инвестиция тартылмақ. Бұл туралы «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Әзірленіп жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы жергілікті тауар өндірушілерге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Өздеріңіз білетіндей, Президент соңғы Жолдауында осындай тапсырма берген болатын. Жаңа Ұлттық жоба ТҮКШ саласына 10 триллион теңге инвестиция тартуды көздейді. Сөз әуелі энергетикалық және коммуналдық сектор жайлы болып отыр. Жоба аясында ТҮКШ саласында тауар өндіретін жұмыс істеп тұрған отандық кәсіпорындарға барынша жүктеме артылады», - деді Үкімет басшысы.
Форум барысында Премьер-Министр елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Сондай-ақ, елімізде отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, кеше елордада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XXII съезі өтті. Онда отандық кәсіпкерлердің қордаланған сұрақтары талқыланып, 204 маңызды мәселе Үкіметке жолданатын болды.