Энергетикалық сусындар ел келешегі үшін қауіпті ме?

Бір қызығы «Монстер», «Рокстар», «Ред булл», «Дизи» сынды энергетикалық сусындардың Қазақстан нарығында сатыла бастағанына біраз жылдың жүзі болып қалды. Осы жылдар ішінде энергетикалық сусындардың пайдасы мен зиянына қатысты қоғамда мұншалықты қызу пікірталас болмаған еді. Бәрі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошевтің ағымдағы жылғы ақпанның 3-інде Мәжілістің жалпы отырысында жасаған депутаттық сауалынан басталды. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтың атына сауал жолдап, онда Қазақстанда энергетикалық, алкоголі аз және алкогольді-энергетикалық сусындардың сатылуына тыйым салып, қатаң тәртіп орнату жөнінде ұсыныс жасады. В. Нехорошевтің сөзіне қарағанда, энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына төтенше қауіпті химикаттар бар. Оларды жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі әзірлеген, Вьетнамда соғысқан американдық жауынгерлердің моральдік және әскери рухын ынтыландыру үшін. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды тосын оқиғалар көбейіп кеткен. Мұның салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, Қазақстан қоғамында кейінгі кезде энергетикалық сусындарды еміреніп тұрып ішетіндердің қарасы көбейе бастаған. Сиқырлы суға әсіресе желік қуған жастар тым әуес болып алған.
В. Нехорошевтің мәлімдемесінен кейін, іле-шала ҚР Денсаулық министрлігі арнайы хабарлама таратты. Онда Министрліктің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Қазақ тағамтану академиясымен және Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансымен бірлесіп энергетикалық сусындардың құрамын зерттеуге кіріскендігі, халықаралық тәжірибені зерделеу мақсатында энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсері туралы соңғы ғылыми зерттеулердің деректерін ұсыну жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алиментариус кодексінің комиссиясы хатшылығына сұрау жолданғаны айтылған. Ал ақпанның 9-ында болған Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Министрлік энергетикалық сусындардың зияндылығы туралы депутаттық сауалға бір айдың ішінде жауап беретінін айтты. Оның айтуынша, энергетикалық сусындарда іс жүзінде адамның бауырына ақау келтіретін немесе жалпы ағзасына зиянды заттар бар ма деген тұрғыда бірқатар сараптамалар тағайындалған. «Егер энергетикалық сусындардың құрамында шөп қоспалар секілді қандай да бір проблема болса, сондай-ақ одан адамның денсаулығына әсерін тигізетін заттар табылса, біз оларға тыйым салатын боламыз», - дейді министр.
Ал ақпанның 11-інде Қазақ тағамтану академиясында «Энергетикалық сусындар: пайдалы немесе зиянды допинг пе?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтіп, онда мамандар мен аталмыш сусындарды сатушылар оның пайдасы мен зияндылығына қатысты қызылкеңірдек болып айтысты. Мамандар бір ауыздан аталмыш сусындардың психотроптық заттар болып табылатынын, адамды өзіне дағдыландырып, орталық жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіретінін айтса, өнімді сатушылар энергетикалық сусындардың кәдімгі қара шәймен салыстырғанда еш зиянсыз екенін дәлелдеп баққысы келді.
Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сәуле Диқанбаеваның пікірінше, энергетикалық сусындар адам ағзасына қауіпті. Оларды жиі-жиі қолдану орталық жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді. Егер де бұл сусындарды түнгі клубтардағыдай алкогольді ішімдіктермен, айталық сырамен бірге қолданатын болса, ол алкогольдің әрекетін бірнеше мәрте күшейтеді. «Энергетикалық сусындар шын мәнінде тонусты арттыру үшін пайдаланылатын өнім. Бұндай сусындар бастапқыда ауыр дене және ақыл-ой еңбегімен, спортпен шұғылданатын адамдарға тек қана қандай да бір жұмыстарды орындауға белгілі бір күш-жігер қажет болған жағдайда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда, энергетикалық сусындар өздері қажетті адамдарға ғана емес, сонымен бірге жастарға да ұнап қалды. Ең басты проблема қазір энергетикалық сусындарды кез-келген мектеп оқушысы сатып ала алады», дейді С. Диқанбаева.
Ал Қазақ тағамтану академиясының ғылым жөніндегі директорының орынбасары Игорь Цойдың сөзіне қарағанда, энергетикалық сусындарды тұтынудың зиянды салдары көп. Адамның табиғаты сондай, егер қолданатын болса оның кез-келген психотроптық заттарға дағдылануы арта түседі. Ал егер адам сондай дүниелерге дағдыланып, яғни тәуелді болып қалса, оны пайдаланбаған кезде абстинентті синдром деген пайда болады екен. «Қандай да бір жүйе ынталандырылатын болса, ерте ме, кеш пе сол жүйенің тозығы жетеді», дейді маман.
Дейтұрғанмен, энергетикалық сусындардан пайда тауып отырған делдалдардың мамандарға қарсы айтар уәждері жоқ емес. Мәселен, «Диллер» ЖШС-нің директоры Динара Шалдақбаеваның айтуынша, бір кесе қара шәйда 45 миллиграмм кофеин бар. Егер адам күніне орта есеппен 5 кесе шәй ішетін болса, ол 1 литр суға 250 миллиграмм кофеинді езіп ішкенмен бірдей. «Егер осыны денсаулыққа зиян дейтін болсақ, оның орнына бір құты энергетикалық сусын ішкен жақсы емес пе?» - дейді ол. Осы арада мына бір деректі де келтіре кеткен жөн сияқты. Мамандардың есебінше, тұтынылатын кофеиннің бір күндік мөлшері 150 миллиграмм болуға тиіс болса, ал энергетикалық сусындарда ол 400 миллиграмға дейін жетеді екен. Ал оны үнемі ішетін 25 жастағы жігіт үш жылдан кейін белсіздікке шалдығуы әбден ықтимал. Елімізде энергетикалық сусындардың күніне бірнеше қалбырын ішетіндердің барын ескерсек, оның салдары жайлы ойлаудың өзі қорқынышты.
Қазақта «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деген мәтел бар. Энергетикалық сусындардың зияндылығына қатысты мәселе көтеріліп жатқан ел тек Қазақстан емес. Айталық, энергетикалық сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе Австралия, Жаңа Зеландия, оның артынша Дания мен Норвегия өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған. Ресей де осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда ресейлік мамандар Ресей Федерациясында энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Ресей Медицина ғылымдары академиясы Тағамтану институтының мәліметінше, энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен таурин ағзаның энергетикалық қорын пайдаланады. Сондай-ақ кейінгі кездері өнім өндірушілер алкоголь мен аталған сусындардың қоспасын шығаратын болған, ал кофеин мен тауриннің алкогольмен әрекеттестігі әлі зерттелмеген.
Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының таратқан мәліметінде де бұндай сусындардың зияндылығы туралы нақты деректер келтірілген. Жалпы энергетикалық сусындардың ингредиенттері адамның жүйке жүйесін ынталандыру үшін көптен бері пайдаланылып келе жатқаны белгілі. Ол ингредиенттер, мәселен кофеин, гуарана және женьшень сынды өсімдік заттар өздерінің сергіткіш қасиеттерімен танымал. Ал аминоқышқылдар болса, бір жүйке талшығынан екіншісіне импульстарды тезірек беруге көмектеседі. Таурин жүрек жұмысының қызметін ынталандырады. Мұндай компоненттердің қосындысы жүрек пен жүйке жүйесінің жұмысына өте қатты ықпал ететін көрінеді. Олар тахикардия, психомоторлы қозу, күйгелектіктің артуы, депрессия сынды жанама әсерлерді де тудырады. Энергетикалық сусындарды артық пайдалану артериалды қан қысымының немесе қандағы қант деңгейінің артуына ұрындырады. Ал энергетикалық сусындарды алкогольмен араластыруға мүлдем болмайды. Олардың құрамындағы кофеин қан қысымын арттыратын болса, алкоголь оның әрекетін одан әрі күшейте түседі. Нәтижесінде гипертониялық криз (қатты ауру) болуы ықтимал. Энергетикалық сусындарды аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Сонымен қатар энергетикалық сусындар адамға күш-қуат береді деп ойлау да қате ұғым. Былайша айтқанда, сусын ағзаға сырттан күш-қуат әкеліп құймайды, адамның денесіндегі барын ұқсатады. Энергетикалық сусындар көмірсутектердің, сондай-ақ мейлінше көп гармондарды шығаратын және жүрек пен жүйке жүйесінің тонусын арттыратын арнайы заттардың орасан зор мөлшерінен тұрады екен. Оны ақыл ой еңбегіне немесе дене еңбегіне ауыр салмақ түскен кезде ғана ынталандыру мақсатында белгіленген мөлшерде қолдануға болады. Алайда, мұндай сусындарды жәйдан-жәй іше беруге әсте болмайды. Оның салдары аса қауіпті.
Бір қызығы, мұндай өнімдердің зияндылығын мойындай тұра, мамандар энергетикалық сусындарды өндіруге және сатуға тыйым салудың орнына, оларды сатуға шек қою шараларын енгізуді ұсынуда. «Бұл өнімге біз тиым сала алмаймыз, себебі олар қазір нарыққа шығып кетті. Егер біз бұл өнімдерге тыйым салатын болсақ, онда кока-колаға, пепси-колаға және басқа да көптеген сусындарға тыйым салу қажет», дейді Тамақ өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін бақылау зертханасаның меңгерушісі Люция Каламкарова.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 70 елінде энергетикалық сусындардың жылына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Бұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екенін тап басып айту қиын. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына зиянды қоспалардың көптеп кездесетінен мамандардың жоғарыда келтірген деректерінен байқаймыз. Ал мұндай сусындардың Қазақстан нарығындағы болашақ тағдыры жеме-жемге келгенде Денсаулық сақтау министрлігінің қолында. Егер ғалымдардың жоғарыда айтқан уәждері рас болса, онда ұрпақ болашағы, ұлт келешегі үшін жуырда ғана елімізге шегетін шөп қоспаларының (микстерінің) әкелінуіне тыйым салынғанындай, Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге де, сатуға да тыйым салған дұрыс. Бұдан ұтпасақ, ұтыла қоймаспыз.