Энергетикалық және газдалған сусындар қандай ауруларды қоздыруы мүмкін

Жарнаманың әсері
«Өкінішке қарай, жастар мен жасөспірімдер энергетикалық сусындарды көп алады. Бұл жағдайды қауіпті деп санаймыз. Осы сусындарды олар күнделікті дүкендерден сатып алып жатыр. Әрине, бұған ең алдымен жарнама қатты әсер етіп отыр. Дүкендер мен супермаркеттердің сөрелері осы сусындарға толы. Жарнамаларда «ерекше сергітіп, қуат береді» деген негізсіз уәде қаптап тұр. Жасөспірімдер осыған алданып жатыр, яғни бұл жарнама жастарға арналып жасалған. Әйтпесе, бұдан басқа шай немесе кофе сияқты сусындар бар емес пе? Дегенмен, жастар тәтті әрі газдалған сусындарға қатты қызығады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам мектеп оқушысын қамтып, сауалнама жүргізді.
Бұл зерттеудің нәтижесі сауалнамаға қатысқан балалардың 3%-ы осы сусындарды күнделікті тұтынатынын көрсетті. Әрбір бесінші жасөспірім күн сайын қантты сусындарды алады екен. Балалар есейген сайын бұл сусындарды жиі ішеді. 11 жасқа толған балалардың 15%-ы апта сайын мұндай сусындарды дүкеннен алып тұрады. 13 жастағы балалардың 20%-ы газдалған және энергетикалық сусындарды ішеді. 15 жасқа толғандардың 30 пайызы апта сайын бұл сусындарды сатып алады», - деді ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғары санатты әдіскер-дәрігері Гүлнар Тұрдынова.
Газдалған әрі энергетикалық сусындар жүрек ауруына алып келеді
Маманның айтуынша, энергетикалық сусындардың сергітетін әсері бар, бірақ ұзаққа созылмайды.
«Аз уақыт аралығына ғана адамның қалжырағаны басылып, төзімділік сезімі байқалады. Дегенмен, мұндай әсер көпке бармайды. Энергетикалық әрі газдалған сусындарды жиі ішетіндердің денсаулығына зор қауіп болады, әсіресе балаға зиянды. Энергетикалық сусын ересек адамға да теріс әсер етеді. Біріншіден, бұл орталық жүйке жүйесіне шамадан тыс қатты әсерін тигізеді, яғни адам ұйқысыздықтан зардап шегіп, мазасыз бола бастайды. Кейіннен энергетикалық сусындардың теріс әсері күшейе береді», - деп түсіндірді дәрігер.
Бұл ретте газдалған әрі энергетикалық сусындар жүрек-қан тамыр жүйесінің нашарлауына алып келеді.
«Бастапқыда тахикардия байқалады. Жасөспірім энергетикалық сусынды ішкенде, жүрек қағысы бірден үдей түседі. Содан кейін бұл қан қысымының жоғарылауына, жүрек ырғағының бұзылуына, сондай-ақ инфарктқа дейін әкелуі мүмкін. Инфаркт жастар арасында жиі кездесіп жатыр және бұған энергетикалық сусындардың қосқан үлесі зор екенін білеміз. Кофеиннің жоғары дозасы жүрек ауруы проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, энергетикалық сусындар аритмия дертінің қозуына әсер етуі ықтимал. Энергетикалық сусындарға кофеиннен басқа да заттар қосылады. Шын мәнінде, тиісті көлемдегі кофеин ағзаға зиян келтірмейді, бірақ оның дозасын бақылау керек. Денсаулыққа зиян келтіретін мөлшер ересектер арасында тәулігіне 400 мг-дан және жасөспірімдерде 100 мг-дан асқанда болады. Осы көрсеткіш 12 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты. Бұл – рұқсат етілген ең жоғары тәуліктік мөлшер», - деді кардиолог Рауза Сұлтанова.
Энергетикалық сусындарды ішу әдетке айналып барады
Кардиологтің айтуынша, энергетикалық әрі газдалған сусындарды көп ішетін адам оның дозасын көбейте береді. Осының салдарынан адам осы сусынды күнде іздеп тұрады. Сондықтан, түскі ас кезінде де газдалған немесе энергетикалық сусынды ішу үйреншікті жағдайға айналды.
«Бұл тұрғыда біз мұның жүрек-қан тамыр жүйесіне өте зиянды екенін түсіндіруіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, жүрек қағысының, жүрек бұлшықетінің босаңсуы және басқа да өзгеріс қауіпті», - деді Рауза Сұлтанова.
Жаттығу алдында энергетикалық сусындарды ішпеңіз
Кардиологтің сөзіне қарағанда, адамдар жаттығу алдында энергетикалық сусындарды ішіп жатады. Алайда, оның қаншалықты зиянды екенін түсінбейді. Мәселен, жаттығу кезінде қан айналым жүйесіне онсыз да жүктеме түсіп, импульс үдеп, қысым көтеріледі. Энергетикалық сусындар да қан қысымын көтеріп, жүрек қағысының бұзылуына әкеледі.
«Бұдан бөлек, жүйке жүйесінің нашарлауы, жабырқаңқы көңіл күй болуы мүмкін. Айта кету керек, кофеиннің бұл жанама әсерлері жиі болып жатады және дозаға тікелей байланысты. Мұндай теріс әсер осы энергетикалық сусындарды жиі әрі тұрақты ішкен кезде байқалады. Сонымен қатар, олардың құрамында психостимуляторлық әсерді күшейту үшін қолданылатын көптеген басқа да заттар бар. Егер адамдар энергетикалық сусындарға үйреніп, бас тарта алмаса, онда дозасын біртіндеп азайтып, құрамында кофеині төмен энергетикалық сусындарды көшуі тиіс. Атап айтқанда, осы энергетикалық сусындардың мөлшерін азайтып, қанты көп қосылғандарды рационнан біртіндеп алып тастау керек», - дейді кардиолог Рауза Сұлтанова.
Энергетикалық сусындарды тым көп ішетіндердің ағзасына залал келеді
Қантты сусындар жүрекке және жүйке жүйесіне зиян келтіруден басқа, зәр шығару жүйесі мен бауырға кері әсер етуі мүмкін.
«Бұл сусындар бауыр функциясының бұзылуына әкеледі. Зиянды заттардың бәрі содан кейін бүйрек арқылы шығады. Демек, энергетикалық және газдалған сусынды шамадан тыс көп ішу салдарынан зардап шекпейтін орган жоқ шығар. Энергетикалық әрі газдалған сусындарды жиі алатын адамдарда екінші типті қант диабеті болатыны туралы деректер бар. Қандағы қант деңгейі жиі көтеріліп тұрса, оны қалыпқа келтіру үшін ағза инсулин бөле бастайды. Бұл инсулин қант деңгейін қалыпқа келтіріп, глюкоза жасушаларға түседі. Дегенмен, қандағы қант деңгейі жиі көтерілгенде, ұйқы безі арнайы ферменттерді бөлмей, өз фунциясын тоқтатады немесе инсулинді аз мөлшерде бөледі. Сонымен қатар, инсулин бөлгенімен, бұл фермент қантқа әсер етпей қояды. Бұл жағдай екінші типті қант диабетіне әкелуі мүмкін», - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғары санатты әдіскер-дәрігері Гүлнар Тұрдынова.
Газдалған сусын ДНҚ-ға қалай зиянын тигізуі мүмкін?
Кейбір мәліметтерге қарағанда, энергетикалық сусындарды жиі ішкен кезде қатерлі ісік ауруына шалдығуы ықтимал.
«2018 жылы жастар арасында танымал сусындардың бірінде тағамдық консервант E211, яғни натрий бензоатының артық концентрациясы анықталды. С витаминімен қосылған кезде, уытты зат – бензол түзеді. Бұл – өте канцерогенді зат. Сонымен қатар, натрий бензоаты жиі қолданылса, ол тіпті адамның өз ДНҚ-сын зақымдауы мүмкін. Былтыр Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сараптамаға түрлі алкогольсіз сусындар бойынша 63 сынама алған. Оның ішінде 12-сі регламент пен нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген», - деді Г. Тұрдынова.
Қандай шектеулер енгізуге болады?
Дәрігердің пайымынша, тек тыйым салумен бұл мәселені шешу қиынға түседі.
«Дегенмен, тиісті шектеулер де болуы керек. Мәселен, 2013 жылдан бері Үкімет қаулысымен мектептер мен оқу орындарында энергетикалық сусындарды, тіпті тәтті, газдалған сусындарды сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл тұрғыда тиісті нәтиже болмай тұр. Өйткені, оқушы мектептен шығып, оны дүкеннен сатып алады. Кейбір қадамдар жасалып жатыр, сондай-ақ тиісті шектеулер де енгізілуі керек.
Салық деңгейін көтеріп, жарнамаға тыйым салуға болады. Кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу керек. Бұл өз кезегінде жақсы қадам болар еді. Сонымен қатар, ел ішінде тиісті ақпаратты кеңінен таратқан жөн. Бұл туралы балаларға неғұрлым ерте жастан түсіндірсек, соғұрлым оларда пайдасы болатын түсінік қалыптасады. Атап айтқанда, ата-аналардың өздері балаларына үлгі болуы тиіс. Ересектер осы зиянды сусындарды алмауы қажет. Балалар суды көбірек ішкені абзал», - деді Гүлнар Тұрдынова.