Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды таратып, өңірлік энергетикалық операторларды ірілендіру керек - С. Әйімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды таратып, өңірлік энергетикалық  операторларды ірілендіру керек.
None
None

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осы мәселені көтерді.         

 Депутат сөз арасында қазіргі күні коммуналдық қызметтерге тариф өсімі қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететінін айтып, мұндай қызметтердің бағасы мүлдем шарықтап кеткенін алға тартты. С. Әйімбетовтың айтуынша, 2013 жылғы статистикаға сәйкес, тариф бағасы суық суға - 46 пайызға, кәрізге - 44 пайызға, көлік қызметіне -12 пайызға, телефон үшін абоненттік төлем 20 пайызға көтерілген.

 «2014 жылдың басында да тариф өзгеріссіз болмады. Мәселен, 1 қаңтардан бастап теміржол қызметтеріне тарифтер Қазақстан бойынша 7 пайызға өсті, 5 қалада суық судың, 4 қалада жылу энергиясының, 14 өңірде электр энергиясының бағасы көтерілді. Бұл ретте соңғы бес жылда электр энергиясына тарифтердің орташа өсімі басқа коммуналдық  қызметтерге қарағанда 2 есеге асып түсті», - дейді С. Әйімбетов.

 Сонымен қатар, депутат уәкілетті органдардың деректеріне сүйене отырып, электр энергиясы бойынша тарифтің республикадағы орта есеппен алғандағы құрылымына тоқталды. Оның айтуынша, электр энергиясына тариф мынадай көрсеткіштен құралады: 60 пайызға жуығы - тікелей қуат өндіретін энергия стансасының бағасы, 6 пайызға дейін - ұлттық электр желісі бойынша энергия стансасынан таратуды және оған техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыратын жүйелі оператор - «KEGOC» бағасы. Ең бастысы, 34 пайызға дейін энергияны тұтынушыларға дейін тасымалдайтын, оларға қызмет көрестуді жүзеге асыратын таратушы және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемелері.

«Бұл жердегі сұрақ айдан анық: халық 34 пайызға тартатын жабдықтау үстемесін не үшін төлейді? Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың басы артық құрылымдарын ұстау не үшін қажет? Сол себепті электр энергиясына тариф құрылымын қайта қарайтын және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды тарату және өңірлік энергетикалық  операторларды ірілендіру арқылы делдалдық үстемені тариф құрылымынан алып тастайтын кез келді», - дейді С. Әйімбетов.

Соңғы жаңалықтар