ENRC компаниясының Павлодар облысындағы инвестициялық жобалары мерзімінде аяқталады

ENRC компаниясының Павлодар облысындағы инвестициялық жобаларының орындалуын бақылау жөніндегі көшпелі штабтың бірінші отырысында аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев осыдай мәлімдеме жасады. Штаб мәжілісіне Индустрия және сауда министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжылдығы басталып отырған жылы аймақта құны 210 миллиард теңгенің 15 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Павлодарда алюминий өндірісі жөніндегі зауыттың екінші кезегінің құрылысы «серпінді жобалардың» қатарына кіреді. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның президенті Алмаз Ибрагимовтың айтуынша, жаңа корпуста құрастыру жұмыстары жалғасуда, қазіргі таңда 72 электролизер іске қосылған. Кәсіпорынның екінші кезеңі ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында іске қосылып қалады.
Ақсу жылу-электр стансысында №2 блокты қалпына келтіру жұмыстары да кестеге сәйкес жүріп жатыр. Ал Ақсу ферроқорытпа зауытында агломерат шығару жөніндегі құны 7,2 миллиард теңгенің цехы салынуда. Ақпан-наурыз айларында мұнда жабдықтар құрастырылып, нысан іске қосылып қалады.
Екібастұздағы «Восточный» разрезінде «Еуразиялық энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының атсалысуымен жаңа буын кешенінің құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
Әкім Бақытжан Сағынтаев кеңесті қорытындылау сөзінде: «ENRC компаниясының барлық жобалары уақтылы қаржыландырылып, кесте бойынша жүзеге асырылуда, барлық міндеттемелер орындалуда. Жобалардың өз мерзімдерінде пайдалануға берілетініне күмән жоқ», деп атап көрсетті.
Бес жылда Павлодар облысында 49 жоба аяқталады, оның 25-і - ағымдағы жылы іске қосылмақ.