ЕО арзан тауарлар импортына қосымша алым енгізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақ елдері 2026 жылғы шілдеден бастап құны 150 еуроға дейінгі әрбір сәлемдемеге 3 еуро көлемінде алым салу туралы келісімге келді. Бұл туралы BILD хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, аталған шешім Брюссельде өткен ЕО қаржы министрлерінің отырысында қабылданған.
Жаңа алым Shein, Temu, AliExpress, сондай-ақ Amazon сияқты онлайн-ритейлерлерге қатысты болады. Төлемді ұлттық кеден қызметтері өндіретін болады.
Осы уақытқа дейін құны 150 еуроға дейінгі сәлемдемелер ЕО аумағына кедендік бажсыз енгізіліп келген. Алайда жаңа алым уақытша шара ретінде қарастырылып отыр, себебі алдағы уақытта ЕО-ға импортталатын барлық тауарлар бағасына қарамастан баж салығына тартылуы мүмкін.
Хабарламада соңғы жылдары онлайн-сауданың дамуы ЕО-ға келетін арзан әрі ұсақ сәлемдемелер санының күрт өсуіне әкелгені атап өтіледі. Еурокомиссия дерегіне сәйкес, 2024 жылы ЕО-ға күніне шамамен 12 миллион сәлемдеме жеткізілген.
Ережелерді қатаңдатуды Германияның қоршаған орта министрі Карстен Шнайдер қолдады. Оның айтуынша, бұл шешім экологиялық себептермен де байланысты. Мысалы, Германияға Қытайдан күніне 400 мыңнан астам сәлемдеме келеді. Еуропадағы көптеген платформалардан айырмашылығы, Temu, Shein және AliExpress қаптама қалдықтарын қайта өңдеу үшін төлем жасамайды.
Бұған дейін ЕО АҚШ-тың Трамп әкімшілігінен алкоголь, макарон өнімдері мен ірімшікке салынатын баж салығынан босатуды сұрауы мүмкін екені хабарланған еді.