ЕО барлық ит пен мысықты чиптеуді міндетті етпек

АСТАНА. KAZINFORM – Еуроодақта үй жануарларын – күшіктер мен марғауларды – заңсыз тасымалдауға қарсы күрес мақсатында міндетті түрде чиптеу енгізу жоспарланған, деп хабарлайды BILD.

ит-мысық
Фото: Freepik

Күшіктердің заңсыз саудасы әсіресе Германияға көптеп әкелінетін Румыния, Болгария, Польша және Түркия елдерінен байқалады. Жануарлар көбіне ауырып келеді, егілмеген, анасынан тым ерте ажыратылған және нашар жағдайда ұсталады. Үй жануарлары нарығының шамамен 60%-ын заңсыз сауда құрайды. Бұл, бір жағынан, сатып алушылардың арзан баға іздейтінімен де байланысты.

Еуропарламент Еурокомиссия ұсынған жануарларды қорғаудың жаңа стандарттарын қолдап дауыс берді. Атап айтқанда, бұл стандарттар барлық ит пен мысықты чиптеу мен оларды сату алдында еуропалық тіркеу базасына енгізуді міндеттейді.

Чиптеу наркозсыз жасалады және шамамен 50 еуро тұрады. Күріш дәніндей көлемдегі транспондерлер арнайы шприцпен әдетте мойынның сол жағына тері астына енгізіледі. Олар жануарға меншік құқығын растайтын 15 таңбалы сәйкестендіру нөмірін қамтиды.

ЕО-дағы экология мәселелері жөніндегі саясаткер Петер Лизе бұл шешімге риза екенін білдірді.

— Иттерді чиптеу мен тіркеу — күшік саудасының заңсыздығына қарсы күрестегі басты құрал. Тек осылай ғана жануарлардың шыққан жерін бақылауға болады, — деді ол.

Сондай-ақ, чиптеу жануарлар панажайларын да жеңілдетуі мүмкін деп күтілуде, өйткені қашып кеткен немесе жоғалған жануарларды сәйкестендіріп, иелеріне қайтаруға мүмкіндік туады. ЕО шешімі бойынша, сатуға арналмаған барлық иттер де иелері тарапынан бес жыл ішінде міндетті түрде чиптелуі тиіс.

Сонымен қатар, заң жобасында медициналық көрсеткіштер болмаса, жануарларға ауыртпалық әкелетін әрекеттерге — құлақ пен құйрық кесуге — тыйым салу қарастырылған.

Айта кетелік елімізде үй жануарларының цифрлық паспорты әзірленгені туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар