ЕО елдері қорғаныс үшін 127 миллиард еуро несие сұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақтың 18 елі «Еуропа қауіпсіздігіне арналған іс-қимыл» (SAFE — Security Action for Europe) атты бірлескен қорғаныс инвестициясы бағдарламасы аясында жалпы сомасы кемінде 127 миллиард еуро болатын қорғаныс жобаларына несие сұрады. Бұл туралы DW агенттігі хабарлады.

Еурокомиссияның мәліметінше, бұл қызығушылық оларға «нарықтан қаражат тартуға дайындалуға және сұранысты бағалауға» мүмкіндік береді.
— SAFE бағдарламасына көрсетілген үлкен қызығушылық, яғни кемінде 127 миллиард еуро көлеміндегі әлеуетті қорғаныс сатып алулары, Еуроодақтың қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы бірлігін және ортақ ұмтылысын көрсетеді. Біз ЕО елдерінің еуропалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған күш-жігерін қолдауға дайынбыз, — деді ЕО-ның қорғаныс жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс.
SAFE бағдарламасы бойынша несие алуға Бельгия, Болгария, Чехия, Эстония, Греция, Испания, Франция, Хорватия, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Венгрия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия және Финляндия қызығушылық білдірді.
SAFE шеңберінде ресми өтінім берудің соңғы мерзімі — 2025 жылдың 30 қарашасы.
Бұған дейін, 27 мамырда жарияланған Еуроодақ Кеңесінің мәлімдемесіне сәйкес, ЕО 150 миллиард еуро көлеміндегі SAFE қорғаныс қорын құруды мақұлдаған болатын.
— Бұл қордың мақсаты — өндірістік қуаттарды арттыру, қажет болған жағдайда қорғаныс жабдықтарының болуын қамтамасыз ету және қазіргі әлеуеттегі олқылықтарды жою. Бұл түптеп келгенде Еуроодақтың жалпы қорғаныс қабілетін нығайтады, — делінген мәлімдемеде.
Жоспарға сәйкес, қор қаражаттары мүше мемлекеттерге ұзақ мерзімді, бәсекеге қабілетті пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиелер түрінде бөлінеді. Алайда несие алушылар кемінде екі басқа елмен бірігіп бірлескен сатып алулар жүргізуі тиіс.
Айта кетейік, SAFE бағдарламасын Еурокомиссия наурыз айының соңында ұсынған. Ұзақ мерзімді мақсат — ЕО елдерінің қарулануына көмектесу үшін 800 миллиард еуроға дейінгі қаражатты жұмылдыру. Бұл Еуропаның қорғаныс саласында АҚШ-қа тәуелділігін азайту ниетімен байланысты.
Бұған дейін кейбір ЕО елдері Украинаға арналған АҚШ-тан қару сатып алудан бас тартқаны хабарланған болатын.