ЕО елдері Макронның «ядролық қолшатыр» туралы ұсынысын күтіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ елдері Франция президенті Эмманюэль Макронның жаңартылған ядролық тежеу доктринасына қатысты бағдарламалық мәлімдемесін күтуде, деп хабарлайды Euronews.

Процедура импичмента Макрона отклонена на первом же этапе
Фото: Anadolu

Макронның сөзі 2 наурызға жоспарланған. Франция жаңа ядролық стратегиясын жариялауға дайындалып жатыр. Онда ЕО-ға мүше көршілес мемлекеттерді Францияның ядролық қорғанысы аясында қорғау сценарийі қарастырылуы мүмкін.

Politico басылымының жазуынша, Германия мен Швеция секілді бірқатар ел Парижбен ядролық тежеу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын растаған.

Өткен жылдың көктемінде Макрон АҚШ-пен қарым-қатынастың өзгеруі және өңірлік тұрақсыздық жағдайында Франция ЕО елдерін өзінің «ядролық қолшатырына» алу мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Қазіргі таңда Еуроодақ ішінде ядролық қаруы бар жалғыз мемлекет – Франция. Ұлыбритания да ядролық держава болғанымен, ЕО құрамына кірмейді.

Француз халықаралық қатынастар институтының ядролық тежеу жөніндегі сарапшысы Элоиз Файенің айтуынша, мұндай сценарий шынайы болуы мүмкін.

– Егер бір күні АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктеріне сенім жоғалса және Еуропадан ядролық әрі дәстүрлі күштер шығарылса, онда Франция мен Ұлыбритания белсенді қимылдауға, тіпті оқтұмсықтар санын арттыруға мәжбүр болуы ықтимал, – деді ол Euronews-ке берген сұхбатында.

2020 жылы Макрон Францияның «300-ден аз» ядролық оқтұмсығы бар екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл елдің өмірлік маңызды мүдделеріне қауіп төндірген кез келген қарсыласқа «қабылдауға болмайтын залал» келтіруге жеткілікті.

Элоиз Файе Макрон бұған дейін одақтастармен Еуропадағы француз ядролық қаруының рөлі туралы стратегиялық диалог бастауға шақырғанын еске салды. Оның пікірінше, алдағы сөзінде Франция басшысы осы бағыттағы нақты бастамалар мен ұсыныстарды жария етуі мүмкін.

Сонымен қатар АҚШ-тың ЕО-дағы тұрақты өкілі Эндрю Паздер Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Вашингтон Еуропаны «ядролық қолшатырсыз» қалдыруды жоспарлап отырмағанын айтты.

Ал Ресей тарапы бұған дейін Макронның бастамаларынан «ядролық бопсалаудың белгілерін» көретінін және Францияның «Еуропаның ядролық қамқоршысына» айналуға ұмтылып отырғанын мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Парижде Эммануэль Макронмен кездесетіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум