ЕО елдерінің ішінде қай мемлекет ағылшын тілін ең жақсы меңгерген
АСТАНА. KAZINFORM — EF English Proficiency Index зерттеуі Еуроодақ тұрғындарының ағылшын тілін оқуда тыңдалым мен оқылым дағдыларын жақсы меңгергенін, ал ауызша және жазба тіл дағдылары салыстырмалы түрде төмен екенін көрсетті. Бұл туралы Еuronews жазды.
Зерттеу бойынша, Нидерланд азаматтары жетінші жыл қатарынан ағылшын тілін ең жоғары деңгейде меңгерген халық ретінде танылды.
EF English Proficiency Index мәліметінше, Нидерланд 2024 жылмен салыстырғанда 12 пунктке төмендегеніне қарамастан, әлем бойынша ағылшын тілін шет тілі ретінде ең жақсы меңгерген ел атағын қайта иеленді. Одан кейінгі орындарды Хорватия мен Австрия алып отыр. Бұл елдерде 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш тиісінше 10 және 16 пунктке өскен.
Ағылшын тілін өте жоғары деңгейде меңгерген елдер қатарына ЕО-ның 12 мемлекеті кіреді. Бұл деңгей күрделі мәтіндерді түсіну, әлеуметтік жағдайларға сәйкес тілдік формаларды қолдану және ағылшын тілін еркін білетін тұлғамен келіссөз жүргізе алу сияқты дағдыларды қамтиды.
Ал Италия, Кипр және Франция ЕО бойынша ағылшын тілін ең төмен деңгейде меңгерген мемлекеттер саналады. Олар «орта деңгей» санатына кіріп, кәсіби кездесулерге қатысу, таныс тақырыптарға іскерлік хат жаза алу және ән мәтіндерін түсіну сияқты дағдыларымен сипатталады. Бұл топта Литва мен Испания да бар.
EF English Proficiency Index 2025 нәтижесі 123 ел мен өңірдің 2,2 млн ересек тұрғынының тестілеу деректеріне негізделген.
Еуростатистиканың соңғы мәліметіне сәйкес, 2023 жылы ағылшын тілі ЕО-дағы мектептер мен кәсіби білім беру жүйесінде ең көп оқытылатын шетел тілі болды: жалпы орта білімнің жоғары сатысында оқушылардың 96%, ал кәсіби білімде 80,1% ағылшын тілін меңгерген.
Дегенмен, ЕО бойынша оқыту сапасында бірқатар алшақтықтар бар. Елдердің басым бөлігінде оқылым мен тыңдалым жақсы дамығанымен, ауызша сөйлеу және жазу дағдылары төмендеу екені анықталған.
Зерттеуде гендерлік айырмашылық та байқалды: 2014-2025 жылдар аралығында Еуропада ағылшын тілін меңгеру деңгейі ерлер арасында 40 пунктке, әйелдер арасында 20 пунктке артқан.
Жастар арасындағы тіл меңгеру деңгейі пандемияға дейінгі көрсеткіштен әлі де төмен. 2025 жылы да көптеген елдерде жас буынның ағылшын тілі деңгейі төмендеу үрдісі сақталған. Соңғы он жылда ағылшын тілін меңгеру көрсеткіші тек 18-20 жас аралығындағы еуропалықтарда төмендеген.
Сарапшылар ағылшын тіліне сұраныс жоғары болып отырғанын, шамамен 2 млрд адам тілді түрлі әдіспен меңгеретінін айтады.
EF сарапшысы Кристофер Маккормиктің айтуынша, жасанды интеллект тіл үйрету саласында үлкен өзгерістерге себеп болып отыр. AI емтихан тапсырмаларын автоматты түрде бағалау, сабақ жоспарын құрастыру және оқу материалдарын жаңарту мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті. Дегенмен, мамандар алгоритмдерді қолдануда жауапкершілік, нақты регламенттер және тәуекелдерді түсіну маңызды екенін ескертеді.
Айта кетейік, биылғы наурызда Трамп ағылшын тілін Америка Құрама Штаттарының ресми тілі деп жариялады.