ЕО қандай елдердің азаматтарына баспана беруден бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM —  Еурокомиссия Брюссельде қауіпсіз деп танылған және мигранттарды қайта қайтаруға болатын елдердің тізімін жариялады, деп хабарлады Kazinform агенттігі.

Еуропалық одақ
Фото: pixabay

Бұл тізімге Косово, Бангладеш, Үндістан, Колумбия, Мысыр, Марокко және Тунис кіреді.

Аталған тізімді дайындау — келесі жылы жазда күшіне енуі тиіс жаңа «Миграция және баспана туралы пактіні» жүзеге асыруды жеделдету бағытындағы қадамдардың бірі. Алда бұл құжатты Еуропарламент пен Еурокеңес мақұлдауы қажет. Егер олар келісім берсе, ЕО елдері осы тізімдегі қауіпсіз мемлекеттерден келген баспана сұраушылардың өтініштерін жеделдетілген тәртіпте қарастыра алады.

Бұл адамдардың Еуроодақта қалу мүмкіндігі айтарлықтай төмен болады. Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Маркус Ламмерт бұл тізімнің «қозғалмалы» екенін атап өтті.

– Бұл тізім уақыт өте келе кеңейтілуі немесе қайта қаралуы мүмкін. Егер қандай да бір ел қауіпсіз ел ретінде қарастыру талаптарына сәйкес келмей қалса, ол тізімнен алынып тасталуы ықтимал, – деді ол.

Аталған жеті мемлекет бұған дейін қауіпсіз деп танылған елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа автоматты түрде ЕО-ға мүше болуға үміткер елдер (соғыс жүріп жатқан Украинадан басқа) де кіреді.

Брюссель ЕО-ның кейбір мүшелері өз деңгейінде мұндай тізімдерді әлдеқашан қолданып келе жатқанын еске салды. Еурокомиссияның пікірінше, бірыңғай еуропалық тізім қабылдау миграциялық процестерді тиімді басқаруға, өтініштерді қарау тәртібін біріздендіруге және мигранттар жүгін әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Комиссия қауіпсіз елдерден келген өтініштерді 3 ай ішінде қарастыруды ұсынады, дегенмен әрбір жағдай жеке тәртіппен зерттелуі керек екенін баса айтады. Алайда кейбір құқық қорғаушылар бұл тізіммен келіспейді. Мәселен, EuroMed Rights ұйымының өкілі Сара Престиани Мысыр, Тунис және Түркияда адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылып, әділ сотқа қолжетімділік шектелгенін алға тартады.

Сонымен қатар, жаңа ережелер бас тартылған өтінішке шағымдану кезінде ЕО аумағында болу құқығына да әсер етуі мүмкін. Қазіргі тәртіп бойынша, шағым қаралғанша адам елде қала алады. Еурокомиссия бұл тәртіпті өзгертіп, болашақта тек арнайы рұқсатпен ғана елде қалуға мүмкіндік беретін нұсқаны қарастыруда.

Айта кетейік, бұған дейін Германияның жаңа үкіметі баспана сұраушылардың санын қысқартуды жоспарлап отырғаны хабарланған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропарламент Косовоға қатысты қабылданған шараларды дереу алып тастауды талап еткенін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар