ЕО мен Канада құрған жаңа альянсқа төрт ел қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ пен Канада P4M деп аталатын жаңа халықаралық альянс құруға дайындалып жатыр. Оны БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Нью-Йоркте таныстырады, деп хабарлайды Bild басылымы.
Еуропалық одақ пен Канададан бөлек, бастамаға Бразилия, Кения, Үндістан және Аустралия қосылды. Альянс ашық форматта құрылып, болашақта оған басқа елдердің де қосылуына мүмкіндік беріледі.
P4M атауы «Көпжақтылық, халықаралық құқық, бейбітшілік және өркендеу жолындағы әріптестер» дегенді білдіреді. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастық пен БҰҰ-ның рөлін нығайтуды, сондай-ақ жасанды интеллект, климаттың өзгеруі және пандемиялармен күрес бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуді көздейді.
Бастаманы көтерген елдер саяси дәстүрлері әртүрлі мемлекеттер арасында «көпір орнату» қажеттігін атап отыр.
Жаңа топ ірі державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі және дәстүрлі халықаралық форматтардағы дағдарыс жағдайында құрылып отыр. Болашақта ол «Үлкен жиырмалыққа» балама форматқа айналуы мүмкін. Қазіргі кезде G20 аясындағы ынтымақтастыққа ірі державалар арасындағы қайшылықтар барған сайын кедергі келтіріп отыр.
Бұған дейін Еуропалық одақ Канадаға өзінің тарихындағы алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» болуды ұсынған еді. Бұл мәртебе экономика, технология, энергетика және қорғаныс салаларында ерекше тығыз ынтымақтастықты көздейді.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданың Еуропалық одақпен жақындасуына байланысты ЕО-мен сауданы тоқтатамыз деп қауіп төндірген.
Айта кетейік, бұған дейін Аустралия үкіметі елдің Еуропалық одақтың қауымдастырылған мүшесі болуы мүмкін деген ұсынысқа түсініктеме бергенін жаздық.