ЕО-мен қатынас шикізат шеңберінен шығады, Тогомен серіктестік және жаңа көлік дәлізі – әлемдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды
Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қазақстан мен Еуропалық Одақтың қарым-қатынасы шикізат шеңберінен шығатыны, Тогомен стратегиялық серіктестікті дамыту және жаңа көлік дәлізі туралы келісім жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ Kazinform сарапшысының шолуында.

Euroactiv: ЕО мен Қазақстан шикізаттық қарым-қатынас шеңберінен шықпақ
Брюссельдегі Euractiv агенттігі Қазақстан мен Еуропалық Одақ аса маңызды шикізат материалдарын өндіріп, өңдеуде ынтымақты күшейтетіні туралы хабарлады. Іс-шара шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ төмен көміртекті энергетикаға көшуде, сондай-ақ әртүрлі секторларда, оның ішінде жаңартылатын энергетика, цифрлық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында аса маңызды шикізат материалдары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін растаған.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жасыл энергияны дамыту үшін Еуропа елдері сирек кездесетін 34 металға зәру екендігін, оның 18-і Қазақстанда өндірілетінін айтты.
Euroactiv атап өткендей, Еуропарламент депутаты және Польшаның бұрынғы сыртқы істер министрі Владимир Чимошевичтің пікірінше, ірі өндіруші ел ретінде және ЕО үшін маңызды материалдарды жеткізуші ретінде «Жаңа жасыл бағыт» сияқты ірі жобаларды жүзеге асыруда Қазақстан өте маңызды рөл атқарады.
«Бұл минералдар электроника және жаңартылатын энергия технологиялары сияқты әртүрлі өнімдерді өндіру үшін өте қажет. Олар экономикалық маңыздылығы, жеткізу тізбегінің жоғары тәуекелдері және стратегиялық салаларға әлеуетті әсеріне байланысты маңызды болып саналады, бұл Қазақстанды ЕО-ның жасыл және цифрлық көшуінің негізгі жеткізушісі етеді», - делінген мақалада.
Айта кетейік, Еуропалық Одақ - Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі.
Anadolu: Қытай - Қазақстан - Түрікменстан - Иран: жаңа дәлізді Астана мен Ашхабад бірлесіп әзірлейді
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Ашхабадта өткен көлік, транзит және логистиканы дамыту жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысының қорытындысы бойынша «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізін дамыту туралы келісімге қол қойылды.
«Жұмыс тобы теміржол қатынасы саласында икемді бәсекеге қабілетті тарифтік саясатты қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан бірлескен жұмысты оң бағалап, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға келісті», - делінген мақалада.
Тараптар көлік байланысы туралы хаттама мен меморандумға қол қойды. Меморандум екі ел арасындағы теміржол және теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, екі елдің аумақтары бойынша тасымалдау көлемін ұлғайту, соның ішінде қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үйлестіру бойынша бірлескен шараларды қабылдау және өзара ақпарат алмасу үшін цифрлық шешімдерді енгізу ниеті көрсетілген.
Trend.az: Қазақстан мен Того президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Trend басылымы Тогоның Қазақстанмен сауда-экономикалық, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін хабарлады. Бұл туралы Того президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты.
«Қазақстан мен Тогоның стратегиялық серіктес болу әлеуеті бар. Қазақстанның экономикалық әлеуеті орасан зор. Біздің жан-жақты байланыстарды орнату жөніндегі келіссөздеріміз тараптардың өзара іс-қимылды тереңдетуге ұмтылысын айқын көрсетті», - деп келтіреді Того президентінің сөзін Тrend.az басылымы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің бір-бірінен алыс жатқанына қарамастан, ортақ тұстары көп екеніне, атап айтқанда, көпконфессиялы және көпэтносты құрамымен ерекшеленетініне тоқталды.
Қазақстан президенті екіжақты сауда-саттықты өркендету және іскер топтар арасындағы байланысты нығайту маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның Тогодағы Құрметті консулы лауазымына лайықты кандидатты анықтауды ұсынды. Мемлекет басшысы мұндай қадам екі ел арасында B2B форматындағы байланыстарды дамытуға септігін тигізеді деп есептейді.
Xinhua: Қытай Қазақстанмен институционалдық ынтымақтастықты кеңейтуге уәде берді
Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Қытай Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі комитеттің институционалдық платформасының рөлін арттыру және өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін беру үшін ішкі комитеттер арасындағы алмасулар мен байланыстарды нығайту үшін жұмыс істеуге дайын. Астанада Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен өткен Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы комитетінің 11-ші отырысында ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Дин Сюэсян осылай деген.
Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян қазақстандық тараптың бастамаларына қолдау білдіріп, ҚХР-ның бұрын қол жеткізілген және жаңа уағдаластықтарды іске асыру үшін белсенді түрде жұмыс істеуге дайын екенін атап өткен.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екі рет сапармен барды. Екі ел басшыларының кездесулері өте мазмұнды өтті. Біздің міндетіміз - қол жеткізілген барлық уағдаластықты іске асыру», - деді ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян.
Роман Скляр мен Дин Сюэсянның қатысуымен мәдени орталықтарды өзара құру туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасының Қазақстаннан жаңа сүйекті жеміс дақылдарының экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптарды келісу жөніндегі жұмыс хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ, отырыс соңында тараптар қорытынды хаттамаға қол қойып, 2025 жылы Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 12-ші отырысын Қытай аумағында өткізуге келісті.
Reuters: Каспий құбыр консорциумы Қара теңіз терминалында мұнай жөнелтілімдерін қайта бастады
Reuters агенттігі Қара теңіздегі дауылды ескертуге байланысты Қазақстанның шикі мұнайының негізгі экспорттық бағыты Каспий Құбыр Консорциумының теңіз терминалында мұнайды ауыстырып тиеу бір аптаға тоқтатылғанын хабарлады.
Қазір теңіз терминалында мұнайды жөнелту ВПУ-1 және ВПУ-2 құрылғылары арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
«Күзгі-қысқы, көктемгі мезгілдердегі ауа райы жағдайына байланысты мұнай тиеуді тоқтатулар жүйелі түрде жүзеге асырылады және жоспарлы іс-шара болып табылады. Қазіргі уақытта теңіз терминалында мұнай жіберу әдеттегідей СПМ-1 және СПМ-2 арқылы жүзеге асырылуда», – делінген хабарламада.
Wam.ae: AD Ports Group екі жаңа мұнай танкерінің көмегімен Қазақстандағы жүк тасымалдау қызметін кеңейтеді
Wam.ae араб ақпарат агенттігінің хабарлауынша, халықаралық теңіз сауда портына жаңа танкерлер әкелінді. Танкерлер «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында сатып алынды. Жаңа танкерлер «Қазақтеңізкөлікфлоты» серіктестігі мен International Maritime Investments Ltd компаниясы бірлесе құрған кәсіпорынға тиесілі.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Каспий теңізінің таяз суы үшін арнайы жасалған және халықаралық мұнай компанияларының қатаң талаптарына жауап беретін сипаттамаларға ие екі кеменің жалпы сомасы 35 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ, кемелер инертті газ жүйелерімен жабдықталған, бұл қауіпсіздік пен заманауи стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам.